20 там, 2019 сағат 10:24

Қазақстан жыл басынан бері экспортқа 1 219 автомобиль жөнелтті

Қазақстан жыл басынан бері экспортқа 1 219 автомобиль жөнелтті. Бұл жайында Қазақстан автобизнес қауымдастығынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қауымдастық ақпаратына сәйкес, отандық машина жасаушылары автомобиль шығаруын еселей түсуде. 2019 жылдың шілде айында барлық үлгідегі 4 064 көлік құралы шығарылып, автоөнеркәсіптің нарықтық үлесі сол айда 61 пайызға жеткен. Бұл жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш саналады. Жеңіл автомобиль жасаумен қатар Қостанайда Ankai мен Yutong автобустарын құрастыру да қарқын алып келеді. Бұған қоса, еліміздегі жалғыз автожасаушы – экспорттаушы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» кәсіпорны шілде айында Ресей нарығына 694 JAC кроссоверін жөнелтті. Жалпы жыл басынан бері экспортқа 6 512 млн теңгенің дәл осы маркадағы 1 219 көлігі жіберілген болатын.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының деректеріне сәйкес, 2019 жылдың 7 айында елімізде 24 687 көлік құралы жасалды. Оның ішінде 22 280 жеңіл көлік, 1 196 жүк көлігі, 754 автобус, 422 тіркеме мен жартылай тіркеме және 35 басқа да мамандандырылған техника бар.

Шілде айында отандық машина жасаушылар шығарған өнімнің құны 26 492 млн теңгені құрады. Бұл бір ай бұрынғы нәтижеден 12,1 пайызға төмен. Дегенмен, 7 айдың жиынтық нәтижесі өткен жылдың дәл осындай кезеңіндегі көрсеткіштен 65,1 пайызға көп.