29 қар, 2016 сағат 10:00

«Қазақстан – ядролық қарусыз әлем үшін»

2016 жылдың 30 қарашасы, сағат 15.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына арналған «Қазақстан – ядролық қарусыз әлем үшін» атты көрме ашылады.

Тәуелсіз Қазақстанның ядролық қарусыз әлем үшін күресіндегі алғашқы батыл қадамдарының бірі – Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай  ұйымдастырылып отырған бұл көрме үш бөлімнен тұрады:

«Ядролық сынақтың ауқымы және оның зардаптары» бөлімі советтік атом бомбасын жасау, алғашқы ядролық сынақ және оның зардаптарын көрсетуге арналған.          Семей ядролық сынақ полигонын (СЯСП) құру ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі социалистік және капиталистік лагерлер арасындағы шиеленісе түскен  қарым-қатынастардағы қайшылықтың салдарынан туған болатын. 1947 жылы 21 тамызда СССР Министрлер Кеңесінің шешімі бойынша құрылған Семей полигоны үшін халық шаруашылығы үлесінен 18500 шаршы шақырым жер бөлініп алынды. Полигон Семей, Павлодар және Қарағанды облыстары аумақтарына бөлініп тасталды. Алғашқы ядролық сынақ 1949 жылы 29 тамызда ауада жасалды. Ал, жер асты жарылыстары 1990 жылға дейін толастамады. Өлкені жарылыстар алаңына айналдыру барысындағы  қазақ жерін улаған сынақтардың зардаптары қоршаған ортаға, бүгінгі  және болашақ ұрпақтың денсаулығына алапат әсерін тигізіп,  орны толмас қайғығы душар етті.

«Ядролық жарылысқа қарсы «Невада-Семей» қозғалысы» бөліміне республика аумағындағы атом полигонын жабу, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы, совет-американ бейбітшілік жорығы туралы материалдар мен әлемдік қауымдастықтың жан-жақты қолдауына ие болған ядролық сынаққа қарсы қозғалыстың іс-қызметінен сыр шертетін тарихи құжаттар, хаттар, фотосуреттер қойылады.

«ҚР Президенті Н.Назарбаев – ядролық қарусыз әлем үшін» бөлімі атом полигонын жабудағы Ұлт Көшбасшысының рөлі мен сіңірген еңбегін көрсетуге арналған. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың БҰҰ-ның биік мінберінен ХХІ ғасырда ядролық қарусыз әлем құруға шақырған бастамасы әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдауға ие болды. БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн болып жарияланды. Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияның қабылдануы – бұл аталған мақсаттарды жүзеге асырудағы жаңа әрі маңызды қадам болып табылады.

Көрмеге Орталық музей қорындағы материалдармен бірге ҚР Президенті мұрағаты мен «Невада-Семей» халықаралық халықаралық қозғалысы комитеті ұсынған материалдар қойылып, «Ғылым Ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының  Семей ядролық полигонына арналған кітап көрмесі ұсынылады.

Көрме 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.