Бейжіңде Қазақстан командасы ту ұстаушыларының киімі Олимпиада ойындары тарихындағы үздік костюм деп танылды. Бұл туралы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатында Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ту ұстаушының киімі Олимпиада ойындарының тарихында үздік деп танылды. Біз оны сәуір айындағы ресми рәсім кезінде Олимпиада музейіне тапсырамыз», - деді Крюков Орталық коммуникациялар қызметінде.
Осы орайда Лозаннадағы музей қонақтары Қазақстан спортшыларының киім үлгісін тамашалай алады.
Қысқы Ақ Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан командасының ту ұстаушылары, конькиші Екатерина Айдова мен шорт-трекші Абзал Әжіғалиев тарихи образдағы киіммен шықты.
Олар сақ патшайымы Томирис пен қазақ батырының кейпінде ел алдына шықты. Команданың ту ұстаушылары киетін киімде негізінен қазақтың ұлттық ою-өрнегі «қошқар мүйіз» бейнеленген. Айта кетелік, өрнек элементтерін дизайнерлер Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайымен бірлесіп дайындады. Токио-2020 Олимпиадасында да осындай қадам жасалған болатын.