16 ақп, 2024 сағат 11:43

"Қазақстан темір жолы" Әлия Назарбаеваның компаниясымен келісімшартын бұзды


"Қазақстан темір жолы" (ҚТЖ) ұлттық теміржол тасымалдаушысы Әлия Назарбаеваның теміржол билеттерін сатумен айналысатын Instant Payments компаниясымен келісімшартын бұзды. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжановтың айтуынша, 1 желтоқсаннан бастап Instant Payments компаниясымен келісімшарт бұзылған.

"1 желтоқсаннан бастап "Instant Payments" компаниясымен келісім-шарт бұзылды, қазір "Мобильді портал" ЖШС жұмыс істейді. Компания конкурстық негізде таңдалды. Олар билеттерді электронды сату бойынша қызмет көрсетеді. Біз оларға әр сатылған билет үшін 29 теңге төлейміз. Бұл жеке компания, иесінің кім екенін тексеріп көре аласыздар. Бірақ ол компаниялық басшылығында танымал адамдар жоқ, егер сіз осыны меңзеп тұрсаңыз", – деді Ахметжанов.


Сонымен қатар Ахметжанов билеттерді сатып алу тәртібі өзгеріссіз қалғанын атап өтті.

"Біз билеттерді сатылымға шығарамыз, бұл компания билеттерді агенттер арқылы онлайн немесе касса арқылы сатуды ұйымдастырады. Қазір билеттерді үстемеақысыз ҚТЖ кассаларынан немесе біздің сайт арқылы сатып алуға болады", – деді Әнуар Ахметжанов.


Еске салсақ, бұған дейін "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев айлық жалақысы қанша екенін айтқаны туралы жазған едік.