23 мау, 2025 сағат 12:24

Қазақстан полициясы күні: Батырлық пен ерліктің мерекесі

Фото: Polisia.kz

Бүгін, 23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Бұл күнтізбедегі жай күн емес, Отан алдындағы адал қызметті өмірінің мәніне айналдырған, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жандардың ерлігі мен жанқиярлығына көрсетілген құрмет күні, деп хабарлайды Ult.kz.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, тәуелсіздік жылдары ішкі істер органдарының 800-ден астам қызметкері қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан. Шамамен 5 мың қызметкер жарақат алды.

"Кешегі ұлы дала заңдарын күзеткен батырлар сияқты, бүгінгі полицейлер де әр азаматтың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қолдағы қару мен сауыт-сайман өзгергенімен, міндет сол қалпында – бейбітшілік пен әділеттілікті қорғау. Полиция — қазақ батырларының ерлік дәстүрін жалғастырушы, қауіп-қатерге ең алғаш болып ден қоятын қалқан", - делінген полиция хабарламасында.


Қазақстан Республикасы полициясы күніне орай Ішкі істер министрі Ержан Саденов Ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлеріне арналған құттықтау жариялады.

Ведомство басшысы полиция жұмысының маңыздылығын атап өтіп, оның әрдайым әділдік, абырой және ерліктің символы болуы керектігіне назар аударды. Ол әріптестеріне табандылығы, жанқиярлығы және антқа адалдығы үшін алғыс білдіріп, ал ардагерлерге жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі мен мінсіз қызметі үшін ерекше ризашылығын жеткізді.

"Ішкі істер органдарындағы қызмет жоғары кәсібилікті, төзімділікті және өз ісіне шексіз адалдықты талап етеді. Бүгін де, бұған дейінгідей, сіздер табандылық, жанқиярлық пен антына адалдық танытып келесіздер. Сіздерге зор денсаулық, амандық және жақсылық тілеймін!" - деді Ішкі істер министрі.


Аталған мереке 2007 жылы белгіленген және жыл сайын 23 маусымда — 1992 жылы "Ішкі істер органдары туралы" Заң қабылданған күні аталып өтеді.