06 нау, 2024 сағат 11:49

Қазақстан Палестина-Израиль қақтығысына қатысты ұстанымын білдірді


Еліміздің сыртқы саяси ведомствосы Қазақстанның Палестина-Израиль қақтығысына қатысты ұстанымын білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "ҚазАқпарат" агенттігіне сілтеме жасап.

Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Палестинадағы жағдайға арналған Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің төтенше сессиясына қатысты.

Сессия жұмысына ИЫҰ елдерінің, оның ішінде Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар, Иордания, Иран, Түркия, Марокко сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысты.

СІМК барысында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер Газа секторында атысты дереу тоқтатуға шақырды және Палестина-Израиль дағдарысын тезірек шешу қажеттігін алға тартты.

Мұрат Нұртілеу өз сөзінде Газа секторындағы ұзаққа созылған гуманитарлық апатқа байланысты ерекше алаңдаушылық білдірді.

Одан шығудың бірден-бір жолы — әскери іс-қимылды жақын арада тоқтату болуы мүмкін.

Қазақстан өңірдің бүкіл халқы үшін бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу үшін күш-жігерді күшейтуге шақырды, бұл алдағы қасиетті Рамазан айы қарсаңында ерекше маңызды.

«Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы көпжылғы қақтығыстың жалғыз шешімі ретінде БҰҰ бекіткен "екі халық үшін екі мемлекет" формуласы негізінде 1967 жылғы шекарада Палестина мемлекетін құру бойынша Қазақстанның өзгермейтін ұстанымын растады» дейді СІМ баспасөз қызметінен.


Іс-шара мұсылман елдерінің Палестина халқымен үндестігін және қақтығысты тезірек тоқтату үшін белсенді әрекет етуге ұмтылысын көрсетті.