Фото: Ақорда
Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен келіссөздер өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, сауда-экономикалық байланыстар және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанды Қазақстанның ең жақын көршісі әрі ғасырлар бойғы достық пен ортақ тарихпен байланысты бауырлас мемлекет екенін атап өтті.
«Екі ел арасындағы сауда-саттық пен экономикалық ықпалдастық жоғары қарқынмен дамуда. Бүгін күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің шешімін бірге табамыз деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Сердар Бердімұхамедов қазақ жеріндегі қонақжайлық үшін алғыс айтып, Түрікменстан мен Қазақстан қарым-қатынасының достық пен бауырластық қағидаттарына негізделгенін атап өтті.
«Бүгінде мемлекеттеріміздің байланысы саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда белсенді дамып келеді», – деді ол.
Түрікменстан басшысы түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедовтің сәлемі мен ізгі тілегін де жеткізді.
Келіссөз нәтижелері бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылуы және екі ел арасындағы әріптестікті тереңдетуге бағытталған жаңа бастамалар жариялануы күтілуде.
