15 қар, 2018 сағат 15:03

Қазақстан мен түрік кәсіпкері арасындағы дауға не түрткі болды?

ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев түрік компаниясының Қазақстан Республикасына қарсы берген барлық талаптарын қабылдамау туралы халықаралық төрелік сот шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның сөзіне қарағанда, арбитраждық процесте тараптар мұндай дауды жабық режімде қарауға уағдаласқан.

«Біз ол жайында шешім шыққаннан кейін ғана айта аламыз. Оның өзінде де барлық мән-жайды ашпаймыз. Барлық құжат бірдей жария болмайды. Бұл сот процесінен арбитраждық даудың басты айырмашылығы. Бірақ, түрік кәсіпкері біраз жыл бұрын келгенін және Атырау әуежайын 50/50 басқарғанын айта аламыз. Экономикамыз дамып келеді және Атырау әуежайы да дамуы қажет. Осы ретте тараптардың арасында оны дамытуға, кірісті бөлуге қатысты қарама-қайшылық туындады. Яғни, Қазақстанға мол қаражат құйып, терминал салып, үлкен құрал-жабдықтар сатып алып, навигацияға арналған жабдықтарды жаңартып, ұшу-қону жолағын қалпына келтіріп әуежайды дамыту қажет болды. Мұндай мәселенің барлығы қаражатты қажет етеді», - деді ол.

Оның пайымынша, қаражат құймай тұрып үлкен кіріске үміт артуға болмайды.

«Шамамен осы мәселелер төңірегіндегі мән-жайларды анықтау  болды. Қорытындысында біз өз ұстанымызды жақтап шықтық және түрік кәсіпкерінің барлық талаптары қабылданбады. Ендігі уақытта Атырау облысының әкімдігі әуежайды тиімді және жылдам дамыта алатындығына қуаныштымыз», - деді Марат Бекетаев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 8 қарашада Халықаралық сауда палатасының жанындағы Төрелік трибунал «Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma Anonim Şirketi» түрік компаниясының Қазақстан Республикасына қарсы берген барлық талаптарын қабылдамау бойынша шешім шығарды.