Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы көлемі 2015 жылы 15 млрд АҚШ долларын құраған. Дегенмен, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Астанада өтіп жатқан Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының XIII өңіраларық форумында соңғы жылдары тауар айналымының көлемі азайып кеткенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.
«Бүгінгі форум Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен өтіп жатыр. Бұл өте қажет, дәстүрлі басқосу. Залға жиналғандардың қатарында ірі компания басшылары, орта және шағын бизнес өкілдері бар. Форум аясында «Бизнестің қажеттіліктерін тиімді түрде қамтамасыз етуге қатысты ҚР мен РФ көліктік-логистикалық кешенін дамыту», «ҚР мен РФ арасындағы туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері», «Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесі», «Шикізат емес өнімдер мен кооперациялық жобалар экспортын қолдау механизмі» атты төрт панельді сессия өтті. Өздеріңіз білетіндей, бұл форумның мақсаты екі елдің ірі кәсіпкерлері және кәсіпорындары арасында іскерлік байланыс орнату, жаңа технологияларды қолдану арқылы көлік-логистикалық кешенде жаңа байланыстарды қалыптастыру, экономикалық өсімді, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша бизнес пен биліктің конструктивті өзара іс-қимыл мәселелерін шешу болатын», – дейді В. Путин.
Оның айтуынша, Қазақстан Ресей үшін тауар айналымы жөнінен ТМД-дағы екінші ірі мемлекет.Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптес әрі одақтас мемлекеттер. Екі ел көптеген салаларда тығыс байланыс орнатқан. Оның ішінде сауда айналымы мен инвестиция да бар.
«Қазақстан Ресейден 9 млрд АҚШ доллары көлемінде капитал алса, ал Ресейдің сіздерден алғаны 3 млрд доллар. Қазақстан Ресейдің сауда айналымы жөнінде ТМД аумағындағы екінші ең ірі әріптесі. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 15 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстан президенті дұрыс айтып өтті. Екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі азайып кетті. Оның себептері өздеріңізге де мәлім деп ойлаймын. Әлемдік дағдарыс, екі елдің валюта бағамының құлдырауы, т.б себептер бар. Енді, осы іскерлік кеңестің арқасында тауар айналымының көлемі қайта артады деп үміттенемін», – дейді В. Путин.
Айта кетейік, форум аясында жалпы сомасы 3 млрд АҚШ доллары болатын 56 екіжақты құжатқа қойылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда ресейліктердің қатысуымен 6453 компания сәтті жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында экономика, мұнай мен газ өндіру, өңдеу өнеркәсібі, көлік байланыс, машина жасау, ғарыштық саладағы ынтымақтастық, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану сияқты салалар бар.