Фото: ҚР ОАМ
Үрімші қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің білім министрлерінің 9-шы кеңесі өтті. Жиында Қазақстан, Қытай, Ресей, Иран, Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің өкілдері білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ult.kz.
Кеңес барысында бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау, академиялық бастамаларды жүзеге асыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті оқу үрдісіне енгізу тақырыптары көтерілді.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестіктің маңыздылығын атап өтті. Ол академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен бағдарламаларды енгізу және колледждерді интернационалдандыру арқылы кадр даярлау сапасын арттыруға назар аударды.
Іс-шара аясында министр Қытайдың Білім министрі Хуай Цзиньпэньмен екіжақты кездесу өткізді. Келіссөздер нәтижесінде халықаралық біліктілігі бар мамандарды даярлайтын Қазақстан-Қытай кәсіптік-техникалық колледжін ашу туралы келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар, қазақстандық мамандардың жасанды интеллект пен цифрландыру бойынша біліктілігін арттыруға ерекше мән берілді.
Алматы, Шымкент және Жамбыл облысындағы колледждер Қытайдың алдыңғы қатарлы оқу орындарымен тәжірибе алмасуды бастап, студенттер мен оқытушыларға заманауи технологиялармен жұмыс істеу мүмкіндігі берілді.
Сондай-ақ, тараптар биылғы күзде Алматыда өтетін Инклюзивті білім беру жөніндегі алғашқы бүкіләлемдік конгресс аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісті.
Бұл келісімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтереді.
