Фото: ҚР СжИМ
2025 жылғы 20 тамызда Бейжіңде ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қытай Халық Республикасының Сауда министрі Ван Вэнтаомен кездесті, деп хабарлайды Ult.kz.
Келіссөздер барысында Қ.Тоқаев пен Си Цзиньпиннің «Орталық Азия – Қытай» саммитінде қол жеткізген уағдаластықтарын іске асыру, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті тереңдету мәселелері талқыланды.
Негізгі деректер:
-
2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 43,8 млрд долларды құрап, 9,2%-ға артты;
-
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында көрсеткіш 21,8 млрд доллар болды;
-
Тараптар 2030 жылға дейін сауда көлемін екі есеге арттыруға ниетті.
Кездесуде мына бағыттар бойынша келісімдер жасалды:
-
«Бір белдеу – бір жол» аясында шекара маңы саудасын дамыту;
-
қазақстандық шикізаттық емес экспортты ілгерілету;
-
кедендік рәсімдерді цифрландыру және электронды сауданы дамыту;
-
Қытайдағы ұлттық павильондар санын арттыру;
-
өңірлік сауда миссияларын кеңейту;
-
ірі халықаралық көрмелерге бірлесіп қатысу.
Сонымен қатар, Қазақстан тарапы Қытай инвестицияларын өңдеу өнеркәсібіне тартуға және қазақстандық өнімдерге қатысты импорттық баждарды төмендетуге мүдделі екенін білдірді.
Тараптар өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге және электронды сауда мен инвестиция саласында жаңа мүмкіндіктер ашуға уағдаласты.
