10 қыр, 2025 сағат 15:08

Қазақстан мен Конго қарым-қатынасына тың серпін: Ақордадағы тарихи келіссөздер

Фото: Ақорда

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекедиді ресми қарсы алды. Құрмет қарауылы сап түзеп, қос елдің әнұрандары орындалғаннан кейін тараптар делегация мүшелерін таныстырды, деп хабарлайды Ult.kz.

Келіссөз барысында Қазақстан Президенті Феликс Чисекедидің елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен келуін тарихи оқиға деп атап өтті.

– Бұл сапар Қазақстан мен Конго арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпін береді. Еліңіз адами және табиғи ресурстарға бай, халқы 110 миллионнан асады. Конгоның аймақтық және халықаралық деңгейдегі рөлі артып келеді. Бүгінгі келіссөздер Орталық Азия мен Африка арасындағы байланыстарды күшейтуге ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Өз кезегінде Феликс Чисекеди көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетіне тоқталды.

– Сапарымыздың басты мақсаты – екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту, сондай-ақ Африка мен Орталық Азияның байланысын арттыру. Қазақстанмен ERG компаниясы арқылы тығыз жұмыс істеп келеміз. Бірақ тәжірибе алмасып, ықпалдастықты арттыруға болатын басқа да салалар жеткілікті, – деді ол.


Президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқылап, өзара түсіністікке қол жеткізді.