12 қар, 2025 сағат 15:52

Қазақстан мен Израиль ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту саласында меморандумға қол қойды

Фото: ҚР ОАМ

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен Израиль Мемлекетінің Аймақтық ынтымақтастық министрлігі, Білім министрлігі, Халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі агенттігі және Сыртқы істер министрлігі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.

Құжат инклюзивті білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең негізде сапалы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Меморандум аясында тараптар білім беру саласында білім мен тәжірибе алмасып, мамандардың біліктілігін арттыруды, екі елдің білім беру ұйымдары мен сарапшылары арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуды көздейді.

– Бұл Қазақстан үшін инклюзивті білім беру саласындағы практикалық ынтымақтастықты дамыту мен серіктестік байланыстарды тереңдетудің маңызды қадамы. Біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту тәжірибесін жетілдіруге және мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру бойынша әріптестікті нығайтуға мүдделіміз, – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.


Соңғы жылдары Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Барлық санаттағы балалар үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында нормативтік база жетілдіріліп, арнайы білім беру ұйымдарының, психологиялық-педагогикалық қолдау орталықтарының және ресурстық кабинеттердің саны артып келеді.

Биыл қазан айында Қазақстанда алғаш рет Бүкіәлемдік инклюзивті білім беру конгресі өткен болатын. Бұл шара саладағы жетекші сарапшылар мен педагогикалық қауымдастық өкілдерін біріктіріп, тәжірибе мен идеялар алмасуға мүмкіндік берді.