Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға жұмыс сапары шеңберінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің арнайы шақыруымен G-20 («Үлкен жиырмалық») саммитіне қатысу үшін осы елдің Ханчжоу қаласына келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс сапары сәтті басталды. Халқымыз үшін қасиетті саналатын жұма күні болған Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасының кездесуі әдеттегідей достық рәуіште өтті. Бұған дейін сан мәрте кездесіп, екі жаққа қатысты көптеген күрделі мәселелерді оңтайлы шешіп, өзара сенім мен серіктестіктің озық үлгісін көрсетіп жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бұл жолы да ынтымақтаса жұмыс істеп, арадағы татулықты одан әрі нығайта түсудің маңыздылығына екпін берді.
Тарата айтар болсақ, келіссөз барысында өзара ынтымақтастықтың, оның ішінде сауда-экономика, инвестиция, көлік-транзит, отын-энергетика, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту перспективаларының кең ауқымды мәселелері қарастырылды. Бұдан бөлек, екі мемлекеттің басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібін-
дегі бірқатар өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинге Қытайға жұмыс сапарымен келуге, сондай-ақ G-20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтты.
– Қытай ұйымға күрделі кезеңде төраға болды. Сіздер әзірлеген күн тәртібі дамудың қазіргі кезеңінде өте өзекті. Бүгінде G-20-ның экономикалық мәселелерге мән беруі бүкіл әлем үшін маңызды міндеттерді шешуге септігін тигізетін болады, – деді Қазақстан басшысы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев ынтымақтастық орныққан жылдарда Қазақстан мен Қытай арасындағы сенімнің айтарлықтай нығая түскенін атап өтті.
– Біздің байланысымыз мемлекетаралық қарым-қатынастың үлгісі бола алады. Стратегиялық серіктестіктің үлгілі моделін құрып, экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтердік. Қазақстан мен Қытайдың үкіметтері қол жеткен келісімдер қорытындысы бойынша алға қойылған міндеттерді орындау жұмысымен белсене айналысуда. Биыл біз Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығын, ал келесі жылы елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығын атап өтетін боламыз, – деді Елбасы.
Си Цзиньпин еліміздің жаһандық үндесуге елеулі үлесін қосып келе жатқанына ризашылық білдіріп, Қазақстанның өңірдің және бүкіл әлемнің экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Былтыр осы уақытта Бейжіңде біздің кездесуіміз өтіп, оның қорытындысы бойынша қарым-қатынастың жаңа кезеңі туралы бірлескен декларацияға қол қойылған болатын. Қазір барлық саладағы екіжақты серіктестік қарқын алып келеді, оның одан әрі дамуы жолындағы міндеттер айқындалды. Біздің қарым-қатынасымыздың орнағанына келесі жылы 25 жыл толатынын ескере отырып, өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайта түсу қажет. Сондай-ақ, бірлескен күш-жігер арқылы адалдық, өзара сенім, ауызбіршілік және өзара көмек рухындағы қарым-қатынасты қалыптастыра отырып, стратегиялық үйлесімді, өзара тиімді ынтымақтастықты күшейте түсу керек, – деді ҚХР Төрағасы.
Тараптар алдағы саммит әлемдік экономиканың бұдан арғы даму жолдарын айқындауда маңызды рөл атқарып, жаһандық экономикалық өсімнің жаңа қозғаушы күшіне айналады деп үміттенетінін білдірді.
Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың сауатты әрі салиқалы жүргізілуі екі жақтың өзара сеніміне селкеу түсірмей келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінен бастап еліміз Қытаймен тату көрші болу бағытында көптеген жұмыстар атқарды. Осы мақсаттағы жүзеге асырылған шаралардың әрқайсысының өзіндік маңызы зор. Бұл орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Еліміздің, келер ұрпақтың қамы үшін атқарылған осынау қажырлы қызмет әрбір қазақстандықтың патриоттық сезімін оятпай қоймайды.
Мемлекет басшысы еліміздің Қытайға деген қатынасын тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде-ақ бірден айқындап берді. Бұл біз үшін сәтті қадам болғанын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Осылайша, Елбасының Қытаймен арадағы ұзақ мерзімді тату көршілік, достық және өзара әріптестік қатынастарды қолдап, кеңейте түсуі Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделін биікке көтерді.
Қазіргі таңда Қытай Қазақстанды сенімді серіктес ел ретінде қарастырады. 1992 жылдан бастап екі мемлекет арасындағы орнатылған дипломатиялық байланыстардың, барыс-келістің нәтижесінде қол жеткізілген табыстар туралы ауыз толтырып айтуға болады. Бұл жетістіктер саясат, экономика, мәдени-рухани және басқа да салалар бойынша анық байқалады. Мәселен, бір ғана 2013-2015 жылдар аралығында тараптар аса маңызды 72 құжатқа қол қойыпты. Бұлардың бірқатары жалпы құны 56,7 млрд долларды құрайтын коммерциялық бағыттағы құжаттар. Сол сияқты, үкіметаралық, парламентаралық байланыстар да өз жүйесін тапқан. Әсіресе, сауда-экономикалық серіктестіктің ауқымы өсе түсуде. Қытайдың статистикалық мәліметіне сүйене сөйлесек, 2015 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымының көлемі 14,2 млрд долларды құраған.
Энергетика, атом энергетикасы, инвестиция, қаржы, жүк тасымалдау, ауыл шаруашылығы, мәдени-рухани салалар бойынша жүргізілген жұмыстар да жеткілікті. Мәселен, соңғы жылдары Қытайға Қазақстан астығын жеткізу көлемі артып келеді. Нақтылай айтқанда, 2013 жылы Қытайға елімізден 90,9 мың тонна бидай жөнелтілсе, 2014 жылы бұл көрсеткіш 251,1 мың тоннаға көбейген. Ал 2016 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында елімізден Қытайға 261,6 мың тонна бидай экспортталған. Бұл айтылған мысалдар екі мемлекет арасындағы байланыстардың тең жағдайда әрі жүйелі жүргізіліп отырғанын білдіреді.
Сонымен, келіссөздер қорытындысы бойынша екі мемлекеттің басшыларының қатысуымен 4 құжатқа қол қойылды. Олар:
– 2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Қытай Халық Республикасының Үкiметi арасында Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жөнiндегi комитет құру туралы келiсiмге толықтырулар енгізу туралы хаттама;
– «Нұрлы Жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспары;
– Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына экспортталатын жылқы тұқымдас жануарлар үшін қойылатын карантин және денсаулығын қорғау талаптары жөніндегі хаттама;
– Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Сапаны қадағалау, инспекция және карантин бас басқармасы арасындағы Қазақстан Республикасынан Қытай Халық Республикасына экспортталатын соя бұршағы партияларына қойылатын фитосанитариялық талаптар жөніндегі хаттама.
Біз осы арада «Нұрлы Жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бағдарламаларын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарына қатысты мәлімет бере кетейік. Құжатқа Қазақстан тарапынан Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, ал Қытай жағынан Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Сюй Шаоши қол қойды. Аталған Жоспар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, инфрақұрылым, инвестициялар және сауда, өнеркәсіп, көлік және туризм салаларындағы екіжақты қатынастарды айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Тараптар автожолдар салуға және Қазақстан аумағындағы автожол инфрақұрылымдарын жаңғыртуға, сондай-ақ, ҚХР – Еуропа және кері бағдар бойынша теміржол магистралін салу мен жаңғыртуға кәсіпорындардың қатысуын белсенді түрде көтермелеуге ниетті. Одан басқа, құжат екі елдің аумағында, сол сияқты үшінші елдерде логистикалық терминалдарды дамытуда кәсіпорындарға қолдау көрсетуді көздейді, ал үшінші елдер Қазақстан мен Қытайдың экспорттық-импорттық әлеуетін ұлғайтуға ықпал ететін болады.
Сонымен бірге, жоспар бойынша тараптар әуежайларға арналған инфрақұрылымды құрып, әуе қозғалысын басқару жөніндегі ынтымақтастықты нығайтуға, ақпарат алмасу үшін бірлесіп алаңдар қалыптастыруға және екі елдегі әуе компанияларының бизнес жүргізуі үшін қолайлы орта жасау жұмысын жалғастыруға ниет білдірді. Оның үстіне, аталған құжат сауда саласын кеңейтуді, сауда құрылымын оңтайландыруды, сауда ауқымын ұлғайтуды, сондай-ақ, екіжақты сауда айналымында жоғары технологиялы өнімдердің үлесін арттыруды көздейді.
Қол қойылған жоспар шеңберінде, Қазақстан мен Қытай индустрияның жаңа буын биотехнологиясы, энергияның жаңа көздері және жаңа материалдар сияқты салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Екі мемлекет инжиниринг техникасы мен автомобиль өнеркәсібін өндіру саласындағы ынтымақтастық ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, құжат туризм мен коммуналдық шаруашылық және сумен жабдықтау жүйелері саласындағы инфрақұрылымды салу аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, алдағы 4-5 қыркүйек күндері Қытайдың Ханчжоу қаласында G-20-ның саммиті өтеді. Оған 27 мемлекеттен басшылар мен БҰҰ, ДСҰ бастаған ірі халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының жетекшілері қатысады деп күтілуде. Қазіргі таңда Ханчжоу қаласы шетелдік құрметті қонақтарды қарсы алу үстінде.
Негізінен, G-20 саммиті бұған дейін 10 рет ұйымдастырылған. Міне, енді «Үлкен жиырмалықтың» 11-ші саммиті ұйымның 2015-2016 жылдардағы төрағасы саналатын Қытай жерінде өтпек.
G-20 саммиті өтетін Халықаралық «ЭКСПО» орталығының құрылысы 8 айда аяқталыпты. Аумағы 15 мың шаршы метрді алып жатқан ғимарат анадайдан көз тартады.
Қытай жағының осынау алқалы жиынды өткізуге барынша дайындалғаны анық байқалады. Бұған біз Ханчжоу қаласын аралап, қарапайым тұрғындармен аудармашы арқылы тілдескенімізде көзіміз жете түсті. Шаһардың қарапайым халқына дейін G-20 жиынын насихаттауда. 4 мыңдай студенттен құралған еріктілер тобы жиынды ұйымдастыруға белсенді түрде көмектесуде. Олар саммиттің табысты аяқталатынына, оның өз елдерінің болашағына оң әсерін тигізетініне сеніммен қарайды.
Айналаның барлығы «G20-CHINA-2016» жазуы бейнеленген дүниелерге толы. Қоғамдық көліктерге, көрнекі жерлерге, тіпті, тұрғындардың киімдеріне дейін аталған белгі жапсырылған.
Қытайдың көне шаһарларының бірі, Чжэцзян провинциясының орталығы 8 миллион тұрғыны бар, бүгінде әлем көз тігіп отырған Ханчжоу қаласында тәртіп барынша күшейтілген. Визалық тәртіп өзгеріп, соның салдарынан мұнда қыдырып келетіндер саны азайған көрінеді. Көлік қозғалысы біршама шектелген. Жүк көліктері қалаға саммит біткенге дейін кіргізілмейді. Біраз дүкендер мен мейрамханалар жабылған. 1 миллиондай тұрғын уақытша басқа жаққа көшіріліпті. Ал жаңа оқу маусымының басталу мерзімі 7 қыркүйекке шегерілген. Бұл жағдайлардың барлығы халыққа қолайсыздық алып келгенімен, олар әлемдік деңгейдегі жиынның маңызын ұғып, түсіністікпен қарауда.
Жолдыбай БАЗАР