Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға өтініш білдірді. Ведомство Еуразиялық экономикалық одақ аясында қырғызстандық тараптың тауар бақылау бағасының минималды деңгейін енгізуіне қатысты мәселені қайта қарауды сұрап отыр.
Еуразиялық экономикалық комиссиядан бөлек, дәл осындай өтініш Дүниежүзілік сауда ұйымының хатшылығына да жолданды.
"Қазақстандық және өзге де одаққа мүше елдер тауарына қатысты бақылау бағасының ең төменгі деңгейін енгізу арқылы Қырғызстан билігі қосымша төлемдерді бекітіп отыр", - деді Қазақстанның сауда және интеграция министрлігінің өкілдері.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, қазақстандық тауар өндіруші Бішкекке орташа бағасы келісіне 17 сомға ұн жеткізсе, көрші елдің салық қызметі қосымша құн салығын алады. Сонда бақылау бағасының минималды деңгейін есептегенде келісіне 22 сом шығады. Өзге тауарларға қатысты да осындай әдіс қолданылады. Мәселен, көктем-жаз кезінде жұмыртқаның құны - 2 сом, ал бекітілген минималды көрсеткіш - 4,9 сом.
"Минималды бағаны анықтау тәртібі ашық емес. Қырғызстан үкіметінің мұндай әдісті енгізуіне негіз жоқ", - деп санайды қазақстандық ведомстводағылар.
Министрлікте бұл жаңашылдық, негізінен, ұн, қант, күріш, жұмыртқа, сыра, көмір және цементке қатысты қолданылатынын жеткізді.