02 шіл, 2021 сағат 15:50

Қазақстан құрамасының Токио Олимпиадасына арналған киім үлгісі ұсынылды


Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті құраманың Токио Олимпиадасына арналған киім үлгісін ұсынды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Salta" брендімен танымал Салтанат Баймұхамедова Олимпиадаға арналған киімнің дизайнері болған. Қазақстандық спортшыларға арналған спорттық форманы Испанияның Joma компаниясы дайындаған.

Токиоға арналған жиынтықты дайындауда спортшыларға дизайн, маталар мен тігін бұйымдары бойынша шешуші таңдау берілді. Биыл қаңтардан бастап еліміздің жетекші спортшылары олимпиадалық киімді таңдауға арналған сауалнамалар, презентациялар мен кездесулерге қатысты.

"Әрбір спортшы үшін Олимпиада ойындары - бұл спорт мансабындағы ең маңызды оқиға, арманға бастаған, ұзақ жылға созылған қажырлы жаттығудың нәтижесі.

Олимпиаданы кейінге қалдыру, бәсекелестік тәжірибенің болмауы, іріктеу турнирлерін шегеру немесе олардың күнтізбеден алып тасталуы сынды оқиғалар былтырдан бері Токио Олимпиадасы шеңберінде белгізіздік болды. Бүгінде біздің міндетіміз - оларға барлық жағынан, соның ішінде олимпиадалық киім сияқты мәселелерде барынша қолайлы жағдай жасау. Сондықтан, 35 спортшыдан тұратын комиссия форманы таңдау құқығын алды және олар өздері Токиода киюге не ыңғайлы болатынын анықтады", - деді Ұлттық Олимпиада комитетіндегілер. 


"Олимпиадалық форма қандай болатынын таңдамас бұрын, спортшылардың өзінен пікір сұрады. Біз маталарды таңдауға қатысып, эскиздерді талқыладық, ұсыныстар жасадық. Олимпиада ойындарында сыртқы келбет қана емес, сонымен қатар форманың да маңызы зор", - дейді Елдос Сметов.

"Спортшылар үшін ең алдымен сапа мен жайлылық маңызды, өйткені бұл біздің келесі дайындық және жұмыс апталарына арналған киіміміз. Біз үшін маңызды фактор өте көп. Бәрінен бұрын оның нақтылығы, дәлділігі, жинақылығы маңызды. Спортшылардың киімдерін арнайы күтіп қарауына уақыты болмайды. Көп уақыт жолда өткізетіндіктен оңай кірленбейтін, мыжылмайтын киім үлгісі болғаны жақсы. Себебі сапалы матадан тігілген киімдер киюге және еркін қозғалуға ыңғайлы. Біз өткен олимпиадаларға қатысу тәжірибемізді ескере отырып, өз ұсыныстарымызды жібердік. Біз барлық тілегіміздің орындалғанына өте қуаныштымыз", - дейді Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин.

Олимпиадалық киім формасы кэжуал форматында таңдалған. Дизайнер коллекцияның ыңғайлығына, беріктігіне, шыдамдылығына кепілдік береді, сонымен қатар бұл киімдерге күтім жасау оңай және мыжылмайды деп атап өтті, Олимпиада формасының дизайнері Салтанат Баймұхамедова.

Парадтық форманы спортшылар Олимпиада ойындарының ашылу парады және басқа да салтанатты шаралар кезінде киеді. Киім формасының тұжырымдамасы біздің қазіргі заманғы мәдени үйлесімді көрсетеді. Қазақстан бүгінде - бұл біздің елдің көрнекті өкілдері жүзеге асыратын дәстүрлі және ультра модернизмнің, инновацияның, қарқынды дамудың, мәдени және спорттық экспансияның бірегей стилі.

Спортшылар Токиоға 16 шілдеде ұшады. Олимпиада алдында ұлттық құрама Олимпиада базаларында екі апталық карантинде болады.