Испанияның Малага қаласында бүгін Дэвис кубогы топтық кезеңінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, топтық кезең матчтары биылғы 14-18 қыркүйекте төрт қалада өтеді.
Қазақстан құрамасы D тобында Глазго қаласында корт иелері – Ұлыбритания, сондай-ақ АҚШ және Нидерланды құрамаларымен ойнайды.
2019 жылы Мадридте қазақстандықтар топтық кезеңде Ұлыбритания және Нидерланды теннисшілерімен сынға түскен болатын.
Онда Қазақстан құрамасы нидерландылықтардан 2:1 есебімен басым түсіп, дәл сондай есеппен ұлыбританиялықтарға жол берген еді.
Ал АҚШ құрамасымен алғаш рет шеберлік байқаспақ.
Сондай-ақ A тобында Болоньяда Италия, Хорватия, Аргентина, Швеция құрамалары өзара күштіні анықтайды.
В тобында Валенсияда Испания, Канада, Сербия және Оңтүстік Кореяның жолдары түйіседі.
C тобында Гамбургте Германия, Франция, Бельгия және Аустралия құрамалары кортқа шығады.
Дэвис кубогының топтық кезеңі алғаш рет төрт қалада өтсе, плей-офф бәсекелері Малагада болады.
Плей-офф кезеңіне әр топтан екі үздік команда жолдама алады. Кубоктың шешуші ойындары 23-27 қарашада өтіп, жеңімпаз анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Индонезияны ойсырата ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Римде негізгі турнирге жолдама алды.