22 жел, 2021 сағат 20:43

Қазақстан құрамасы каратеден Азия чемпионы атанды


Алматы қаласында каратеден ересектер арасында өткен Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы командалық сында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық каратешілер финалда Иран құрамасымен сынға түсті. 

Қазақстандықтар Данияр Юлдашев, Нұрқанат Әжіқанов және Нұрнияз Елдашев үш ирандық қарсыласын ұтып, командасына жеңіс әперді. 

Бұдан бұрын Қазақстан әйелдер құрамасы командалық сында қола жүлдеге ие болған еді. Кіші финалда олар ирандықтарды жеңді. 

Қазақстан намысын Софья Берульцева, Сабина Захарова және Мөлдір Жаңбырбай қорғады.

Оған қоса Токио Олимпиадасының жүлдегері С.Берульцева жекелей сында күміс медальға қол жеткізді. Ол финалда жапониялық Юдзуки Саваиға есе жіберді.