22 қыр, 2021 сағат 23:05

Қазақстан кубогы: Жартылай финалға шыққан екінші команда анықталды


Футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалына Қостанайдың «Тобылы» жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанайлық клуб бүгін өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдады. Ойын барысында алаң иелері қатарынан Роман Асранкулов 61-минутта мергендік танытты. 

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде де «Тобыл» аталған қарсыласына 1:0 есебімен тізе бүктірген еді. 

Осылайша қостанайлық клуб жартылай финалға шыққан екінші команда атанды. 

Еске салсақ, бұдан бұрын мұндай мүмкіндікке елордалық «Астана» ие болған еді. Елордалық клуб сырт алаңда Ақтаудың «Каспийінен» 1:0 есебімен басым түсті. Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде 3:3 есебі тіркелген болатын.

Сондай-ақ, бүгін алғашқы кездесуінде Алматының «Қайраты» Қызылорданың «Қайсарын» 3:0 есебімен жеңсе, Қарағандының «Шахтері» сырт алаңда «Таразбен» 0:0 есебімен тең түсті. 

Айта кетсек, «Қайрат» пен «Шахтердің» екрокубок ойындарына қатысуына байланысты 21 тамыз күні өтуі тиіс кездесулер бүгінге шегерілген еді. Енді олар бүгінгі қарсыластарымен қарымта ойындарды 27 қазанда өткізеді.