Токио Олимпиадасында каратэден алғашқы жүлдегер анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ерлер арасында 67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Дархан Асәділов Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.
Отандасымыз жартылай финалда 2018 жылғы әлем чемпионы франциялық Стивен да Костамен күш сынасты. Дегенмен 2:5 есебімен жеңілген қазақстандық спортшы финалға жолдама ала алмады.
Дархан Асәділов - каратэден Қазақстан құрамасындағы ең тәжірибелі спортшы, жасы 33-те. 2010 жылы Азия чемпионы атанған. 2008 жылы әлем чемпионатында күміс, 2018 жылы қола медаль жеңіп алған. Еншісінде Азия чемпионатынан бірнеше жүлде бар.