01 қар, 2023 сағат 18:19

Қазақстан халқының саны белгілі болды

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазақстандағы халық саны 20 миллионға жақындап қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігі Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша халық саны 19 967 964 адам болды, оның ішінде қала тұрғындары – 12 387 957 адам, ауыл тұрғындары – 7 580 007 адам.

Жыл басынан бері халық өсімі 1,02 пайыз немесе 201,1 мың адам болды. Халық санының ең жоғары өсу қарқыны Астана – 4,06 пайыз мен Алматы қалаларында – 2,28 пайыз және Маңғыстау облысында – 1,94 пайыз.

"Республикалық маңызы бар қалалардан басқа, тұрғындар саны миллионнан асатын аймақтар – Түркістан (2 137 694), Алматы (1 524 539), Жамбыл(1 221 976) және Қарағанды (1 135 601) облыстары. Халықтың табиғи өсімі есебінен, яғни туу және қайтыс болу деректерін ескергенде, халық саны 194 753 адамға өсті. Көші-қон өсімі есебінен халық саны 6 404 адамға көбейді, бұл сальдоның оң екенін көрсетеді", - делінген хабарламада.

Халықтың табиғи қозғалысы есебінен өсудің ең жоғары қарқыны Түркістан облысында байқалды, онда халық саны 34 097 адамға, Шымкент қаласында 19 242 адамға, Алматы облысында 18 251 адамға өсті. Халық өсімінің аталған қарқынын ескерсек, 20 миллион адам көрсеткіші 2023 жылғы қарашада болады деп күтіліп отыр.