02 нау, 2025 сағат 14:54

Қазақстан халқы Ас­самблеясының құрылғанына 30 жыл

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бұл ұйым 1995 жылы құрылып, елдегі түрлі этностар мен мәдениеттердің ынтымақтастығын, бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды институтқа айналды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бүгінде елімізде 120-дан астам этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. Бұл ретте ҚХА атқарып жатқан жұмыстарының маңызы ерекше.

  • - 2024 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жүректен жүрекке» және «Мектепке жол» сияқты бірқатар қайырымдылық іс-шараларын өткізді.
  • - ҚХА 1000-нан астам этномәдени бірлестікті қамтиды. Өткен жылы ҚХА құрылымдары 15 000-нан астам әлеуметтік маңызы бар шара ұйымдастырып, 700 000-нан астам адамды қамтыды.
  • - ҚХА-ның 2025 жылға арналған жоспарында салалық кадрларды дамыту маңызды орын алады. «Этнополитология» және «Этножурналистика» мамандықтары бойынша білікті мамандарды даярлау үлесі артпақ.

Сонымен қатар ҚХА жобалары, Достық үйлері, лингвистикалық кабинеттер және басқа да құрылымдар арқылы мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретінде насихатталуына ерекше назар аударылады.

30 жылдыққа орай Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық ашылуы және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» республикалық форумы өтті.

Салтанатты іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, этномәдени бірлестіктер мен Ассамблея ардагерлері, белгілі қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты.

Форум аясында еліміздің барлық Достық үйлерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен құттықтауы оқылды. Алғыс айту күніне орай «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» ескерткіш тақтасының ашылуы өтті.

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Форум барысында спикерлер ҚХА-ның құрылуы және оны құру идеясы туралы айта келе, Ассамблеяның 30 жылдағындағы маңызды жетістіктерге, Қазақстандағы бірлік пен келісімді қолдаудағы тарихи рөліне тоқталды. Сондай-ақ Алғыс айту күнінің маңызы мен мазмұны талқыланды.

Салтанатты іс-шара соңында ҚХА-ның жыл сайынғы «Қайырымдылық керуені» акциясының басталуы жарияланды. Ассамблея ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табыс етілді, сондай-ақ, «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Еліміздің барлық өңірінде күні бойы ҚХА 30 жылдығына және Алғыс айту күніне арналған челлендждер, фестиваль-көрмелер, концерттер және басқа да іс-шаралар өтті.