Қазақстан халқының саны 2018 жылғы 1 шілдеде 18 млн 272,4 мың адамды құрады. Өсім 2017 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда 238 мың адам немесе 1,3 пайызды құрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Статистика комитетіне сілтеме жасап.
Қала тұрғындарының жалпы саны 10 млн 529,1 мың адамға жетіп, жалпы халық санының 57,6 пайызын құрады. Қазақстанда 7 млн 743,3 мың адам (42,4 пайыз) ауылдық жерлерде тұрады.
Үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айларында 1 жасқа дейінгі 1626 сәби шетінеген (өткен жылдың осы кезеңінде - 1605). 2018 жылдың алғашқы жартысында сәби өлімінің коэффициенті 1000 сәбиге 8,44-ті құрады.
Сәби өлімінің басты себебі перинаталдық кезеңде туындайтын жағдайлар болып отыр. Осы алты айда 782 сәби шетінеген (былтырғы көрсеткіш - 793). Бұдан бөлек тума ауытқулар (328), тыныс алу жолдарының аурулары (124) және жазатайым оқиғалар (73) да сәби өліміне себепші болуда.
2018 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанға келушілердің саны 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26,5 пайызға қысқарып, кетушілердің саны 14 пайызға артты. ТМД елдерінен келгендердің саны жалпы көрсеткіштің 77,2 пайызын, ал достастық елдеріне кеткендердің саны 89,7 пайызын құрады.
Ел ішіндегі көші-қон көрсеткіші 15 пайызға қысқарды. Өңіраралық көші-қонның оң сальдосы еліміздің бес өңірінде - Шымкент (43 493 адам), Алматы (16 943), Астана (5073) қалаларында және Маңғыстау (601), Атырау (34) облыстарында байқалды