Фото: Ақорда
Бұл туралы АҚШ-тағы Ақ үйге Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Орталық Азияның тағы төрт елінің басшылары сапармен барған кезде жарияланды, деп хабарлайды Ult.kz.
AFP агенттігінің хабарлауынша, бұл — Таяу Шығыста бейбітшілік орнату бағытындағы америкалық президенттің күш-жігерін қолдауға арналған негізінен символдық қадам.
Орталық Азия басшылары Ақ үйге келген соң, Дональд Трамп Truth Social желісінде оның, Тоқаевтың және Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың «тамаша әңгіме өткізгенін» жазды. Трамптың айтуынша, келісімге қол қою рәсімі жақын уақытта жарияланатын болады.
Кейінірек Қазақстан билігі бұл шешімді «табиғи және қисынды қадам» деп атады.
"Біздің Авраам келісімдеріне қосылуымыз — Қазақстанның сыртқы саяси бағытының табиғи әрі қисынды жалғасы. Бұл бағыт диалогқа, өзара құрметке және өңірлік тұрақтылыққа негізделген", — делінген үкімет мәлімдемесінде.
Қазақстан — 2020 жылы Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Марокко Израильмен қатынастарды қалыпқа келтіргеннен бері бұл бастамаға қосылатын алғашқы азиялық мемлекет болмақ.
