2019 жылғы 11 айда экспортталатын тауарларға баға 2,4 пайызға төмендеп, импортталатын тауарларға 6,1 пайызға жоғарылады. Бұл туралы ҚР ҰЭМ Статистика комитетінен мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ведомство мәліметінше, өткен жылдың қаңтар-қарашасында экспорттық жеткізілімдер бағасы ферроқорытпаларға – 26,8, мырыш кендеріне – 15,7, хром кендеріне – 15,1, мырышқа – 4,2, мысқа – 2,6, мұнайға 0,8 пайыз төмендеді. Ал темір кендеріне – 18,3, көмірге – 17,1, қорғасынға – 16,9, қара металдардан жасалған бұйымдарға – 7,8, қара металл илегіне 3,2 пайыз жоғарылады. Бағаның мақтаға 7,1 төмендеуі, олардың бидайға – 26,4, арпаға – 4,2, жүнге 1,7 көтерілуі тіркелді.
Импортталатын өнімдерден көкөністер – 37,4, күріш – 10,8, кондитерлік өнімдер – 15,4, сүт өнімдері – 8,3, макарон өнімдері – 7,7, кофе – 6,6, құс еті – 5,2, балық 5,1 пайыз қымбаттады. Қант – 7,7, жемістер мен жаңғақтар 3,9 пайыз арзандады. Баға аяқ киімге – 11,2, фармацевтикалық өнімдерге – 10, құрылыс материалдарына – 7,8, қағаз 7,7 пайызға жоғарылады.