Фото: ҚМГ баспасөз қызметі
«ҚазТрансОйл» АҚ («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес кәсіпорны) 2023 жылдың қорытындысы бойынша Германияға 993 мың тонна Қазақстан мұнайын жеткізді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚМГ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында қазақстандық мұнайды одан әрі Германияға жеткізу үшін «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбыры жүйесі арқылы «Адамова Застава» мұнай жеткізу бекетіне қарай тасымалдау көлемі 993 мың тоннаны құрады.
Энергетика министрлігі бекіткен мұнай тасымалдау кестесіне сәйкес, «ҚазТрансОйл» АҚ 2024 жылдың қаңтарында Германияға одан әрі жеткізу үшін 100 мың тонна қазақстандық мұнайды тасымалдауды жоспарлап отыр» - делінген хабарламада.
Компания мәліметінше, 2024 жылы «ҚазТрансОйл» АҚ Германияға жеткізу үшін «Транснефть» ЖАҚ магистральдық мұнай құбыры жүйесі арқылы «Адамова Застава» мұнай жеткізу пунктіне 1,2 миллион тоннаға дейін қазақстандық мұнайды жөнелтуді жоспарлап отыр.
Бұл транзит Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2002 жылғы 7 маусымдағы тиісті келісім аясында жүзеге асырылады.
Айта кетейік, «ҚазТрансОйл» АҚ — магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторы болып табылады. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тобына кіреді. Ұзындығы 5,4 мың км әртараптандырылған магистральдық мұнай құбыры желісіне иелік етеді.