29 шіл, 2025 сағат 11:00

Қазақстан Еуропаға көмір экспортын қайта жандандырады: Ресей арқылы транзитке шектеу алынды

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Еуропалық Одақпен келіссөздер нәтижесінде көмірді Ресей арқылы Еуропа нарығына қайта тасымалдауға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Ult.kz.

Еске салайық, 2025 жылдың ақпанында ЕО-ның 16-пакет санкциясы аясында Ресей порттарымен кез келген келісімге тыйым салынған болатын. Бұл Қазақстанның көмір экспортына тікелей қауіп төндірген еді, себебі Усть-Луга порты еліміздің Еуропаға көмір жеткізуіндегі негізгі транзиттік нүкте ретінде пайдаланылып келді.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және ЕО жанындағы Тұрақты өкілдігі бірлесіп, Еуропалық тараппен бірнеше деңгейдегі консультациялар жүргізді. Нәтижесінде, ЕО-ның 18-пакет санкциясы аясында қазақстандық көмір үшін кейбір ресейлік порттар арқылы транзиттік тасымалға рұқсат берілді.

Бұл рұқсат келесі шарттармен ғана күшінде:

  • көмір тек Қазақстанда өндірілген болуы тиіс;

  • көмірге меншік құқығы санкция салынған елдердің резиденттеріне тиесілі болмауы керек;

  • ресейлік порттар тек транзит, тиеу немесе жөнелту нүктесі ретінде қолданылады — онда көмірді сату немесе өндіруге болмайды.

Қазақстан көмірінің ЕО-ға экспорты бойынша көрсеткіштер:

  • 2022 ж.: 4,4 млн тонна | $419,2 млн

  • 2023 ж.: 6,1 млн тонна | $382 млн

  • 2024 ж.: 5,2 млн тонна | $312,5 млн

  • 2025 ж. қаңтар–мамыр: 1,6 млн тонна | $82,9 млн

Экспорттың уақытша төмендеуіне қарамастан, қабылданған шешім Қазақстан көмірін Еуропаға жеткізуді қалпына келтіруге және логистикалық тұрақтылықты нығайтуға жол ашады.

«Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі еліміздің сауда мүдделерін қорғау және ұлттық экспортты қолдау жөніндегі, сондай-ақ негізгі әріптестермен экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту бойынша жұмыстарды жалғастырады», - делінген хабарламада.