Биылғы жеті айда Қазақстаннан экспортталған тауарлардың бағасы 18,5% төмен болды. Импорттық тауарлар керісінше, 1,5% қымбат келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінен мәлім еткендей, аталған кезеңде экспорттық жеткізілімдер бағасы мұнайға – 30,7%, мырышқа – 10,3%, қорғасынға – 9,2%, қара металл илегіне 8,7% төмендеді.
Ал темір кендеріне – 26,8%, ферроқорытпаларға – 12,9%, мысқа 5,8% жоғарылады. Сондай-ақ баға бидайға – 17,3%, арпаға 9% көтерілген.
Импортталатын өнімдерден темекі – 36,1%, күріш – 19,9%, балық – 13,1%, өсімдік майы – 11,2%, какао – 10,5%, құс еті – 10,2%, маргарин 4,5% қымбаттады. Сондай-ақ фармацевтикалық өнімдерге – 7,6%, аяқ киімге – 5,2%, машиналар, жабдықтар және көлiк құралдарына 1,8% көтерілді.
Жемістер мен жаңғақтар – 21,4%, қант – 10,4%, көкөністер – 8%, шұжық өнімдері 5,6% арзандады. Сонымен қатар сүрекке – 3,1%, құрылыс материалдарына 0,9% төмендеді.