«Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ өкілдері Германияның «Дена» энергетикалық агенттігімен 2030 жылға дейін Қазақстан экономикасының түрлі секторларының энергия тиімділігін арттыру бойынша жоспарды әзірлеуге қатысты онлайн кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Екі ел арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі жандандыру мақсатында Германияның Федералдық экономика және энергетика министрлігінің тапсырмасымен «Дена» энергетикалық агенттігі өзара кооперацияны дамыту бағытында жұмыс тобын құруды қолға алды. Ондағы мақсат - энергетика саласындағы бірлескен ынтымақтастықтың стратегиялық бағытын айқындау», - делінген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram парақшасында жарияланған ақпаратта.
Ведомство мәліметінше, қазір ұзақ мерзімді жоспарды әзірлеу бойынша белсенді жұмыс басталды. Жоспар ел экономикасының әр секторы бойынша жеке энергия тиімділігінің әлеуетін айқындап, энергетика, өнеркәсіп, бюджет секторы мен ғимараттар, көлік секторларының қазіргі жай-күйін ескеріп, нақты қол жеткізілетін көрсеткіштермен әзірленеді.