Бүгін футболдан Қазақстан чемпионаты бірінші турының кейінге қалдырылған ойыны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл ойында Шымкенттің «Ордабасы» және Петропавлдың «Қызылжар» командалары кездесті.
Екі команда турнир кестесінде қатарлас келеді. Екеуінің бірі жеңіске жеткен жағдайда төртінші орынға көтерілетін еді. Қаржылық жағдайына байланысты «Ордабасы» құрамынан бірқатар футболшылар команда ауыстырды. Сондықтан шымкенттік клубта бүгін негізінен жас ойыншылар саны басым болды. Ал «Қызылжар» бапкерлері оларға негізгі құрамды қарсы қойды.
Аталған кездесуде «Қызылжар» командасы басымдық көрсетті. Нәтижесінде алаң иелері қақпасына жауапсыз бес гол соғып кетті. Олардың қатарынан Юрий Бушман 2-минутта есеп ашса, одан кейін 9-минутта Валерий Каршакевич есепті үстемелей түсті.
Екінші кезеңнің 57-минутында Дарко Зорич мергендік танытып, «Қызылжардың» басымдығын арттырды. Ал 62-минутта «Ордабасы» ойыншысы Александр Симчевич автогол авторы атанса, 79-минутта Павел Яковлев петропавлдық клубтың бүгінгі кездесудегі соңғы голын соқты.
Аталған жеңістен кейін «Қызылжар» 29 ұпаймен төртінші орынға көтерілді. Көш басында 42 ұпаймен «Тобыл» командасы келеді. Одан кейінгі орындардағы «Астананың» 41, «Қайраттың» 37 ұпайы бар.
Қазір ел біріншілігінде ұлттық құраманың алдағы ойындарына байланысты аздаған үзіліс жарияланды. Енді 20-тур ойындары 12 қыркүйек күні жалғасады.