29 шіл, 2021 сағат 19:47

Қазақстан боксына қандай өзгеріс керек - Ермахан Ыбырайымовтың пікірі


«Алматы» олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары, АИБА Халықаралық федерациясы комиссиясының мүшесі Ермахан Ыбырайымов бокстан ұлттық құрамаға қандай керек екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ермахан мырза, бокстан ұлттық құрама басшылығына келсем, көп нәрсе өзгертер едім депсіз. Егер басшылыққа келсеңіз, өзгерісті неден бастайсыз?» деген сұрақ қойылды боксшыға Орталық коммуникациялар қызметінде. 

«Мен 2002-2004 жылы бас бапкер қызметінде болғанмын. Ол кезде Бақтияр Артаев Олимпиада чемпионы болды, Геннадий Головкин «күміс», Серік Елеуов «қола» медаль иеленген еді. Үш медаль болды. Әр Олимпиада ойынында Қазақстан боксшылары 3-4 медаль алып келе жатыр. Бірақ, естеріңізде болса 2008 жылы Қазақстан қоржынына екі-ақ медаль салынды. Бақыт Сәрсекбаев пен Еркебұлан Шынәлиев «алтын» және «қола» жүлде алды. Көптеген жанкүйерлеріміз әлеуметтік желіде көптеген әңгіме айтып жатыр. Сондықтанбарлық жанкүйерлерді сабырға шақырамын. Қалған төрт боксшымыздың бәрі медаль әкелсе, бұл әңгіменің бәрі артта қалар еді. Сондықтан, төрт боксшымызға сенім мол», - деді Е. Ыбырайымов. 

Сонымен бірге, спикер Қазақстан боксына тактикалық тұрғыда өзгерістер енгізу керектігін айтты. 

«Біздің боксшылар алдыңғы қолмен мүлдем жұмыс істемейді. Тек күштірек қолына сенеді, оң болса оң қолмен, солақай болса – сол қолымен қатты соққы жасайды. Бірақ қашықты сақтамайды. Лондондағы Серік Сәпиевтей, Афинадағы Бақтияр Артаевтай жақсы ойын көрсете алмай жатыр. Сондықтан бұл жерде тактикалық тұрғыдан бүкіл боксшыға өзгеріс керек. Аяқпен қорғаныс жасау деген ұғым бар. Мұхамед Әли айтқандай, көбелек тәрізді ұшып-қонып, ара сияқты шағу керек. Сондай боксшыны қазір көрмей отырмын. Әлі де жігіттерге айтарым, аяқпен жұмыс істеңіздер, қашықты сақтап, қайтадан жетіп барып, қорғаныс жасау керек. Сондай өзгерістер енгізер едім», - деді Ермахан Ыбырайымов.