02 мау, 2020 сағат 05:45

Қазақстан биыл Ресей, Украина, Әзербайжан мен Израильге 4069 тонна балық экспорттады

Атырауда көктемгі балық аулау маусымында 6,5 мың тоннаға жуық балық ауланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, 6 492 тонна балық ауланып, белгіленген лимит 87 %-ға игерілген. 

Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, биыл көктемгі балық аулау маусымына Жайық-Каспий бассейні бойынша 7434 тонна квота бөлінген. Оның ішінде Каспий теңізінен – 3 190 тонна, Жайық өзенінен – 2 223 тонна, Қиғаш өзенінен – 2 021 тонна балық аулануы жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда, кәсіби түрде балық аулау көлемі 794 тоннаға өскен. Ал, былтыр 5 698 тонна болатын. 

«Биыл ауланған балықтың 5000 тоннасы өңделіп, 4069 тоннасы Ресей Федерациясы, Украина, Әзербайжан және Израиль елдеріне экспортталды. Қазір Атырау облысының аумағында түрлі меншік нысанындағы 18 өндірістік кәсіпорын балық аулау және қайта өңдеумен айналысады. Оның арасында екі бекіре балығын өсіру зауыты бар. Олар – «Жайық-Атырау» бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК, «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК» -деді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.

Сондай-ақ, биыл мемлекеттік тапсырысты орындау мақсатында бекіре балығын өсіру зауыттары үшін 269 дана балық ауланды. Өткен жылы бекіре тұқымдас 241 балық ауланған еді. Аталған екі зауыт жыл сайын Каспий теңізіне жасанды жолмен өсірілген 7 млн-нан астам бекіре шабақтарын жібереді.