14 мам, 2021 сағат 17:24

Қазақстан біріншілігі: «Тұран» қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті


Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің он бірінші турындағы алғашқы ойын аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алғашқы ойында елордада Қарағандының «Шахтері» мен Түркістанның «Тұран» командалары кездесті. Екі команда да турнир кестесінде төменгі орындарда келеді. Дегенмен түркістандық клуб соңғы екі кездесуде қатарынан жеңіске жетті. Сондықтан олар бүгін де сол жеңісті жолды жалғастыруға тырысатыны белгілі еді. Есесіне «Шахтер» кейінгі төрт кездесуде небәрі бір мәрте жеңіске жетті. 

Ойын барысында екі команданың да белсенділігі көрініп тұрды. Бірінші кезеңнің 20-минутта қарағандылық команда қақпасына белгіленген пенальтиден «Тұран» шабуылшысы Таңат Нөсербаев мүлт кеткен жоқ. Бұдан кейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Осылайша «Тұран» қатарынан үш мәрте жеңіске жетіп, турнир кестесінде оныншы орынға көтерілді. 

Сондай-ақ, бүгін 16.00-де «Ақжайық» (Орал) пен «Қайрат» (Алматы) кездеседі, Ал 18.00-де «Ақтөбе» мен «Қайсар» (Қызылорда), 20.00-де «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Жетісу» (Талдықорған) шеберлік байқасады. 

Ал 15 мамырда сағат 15.00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Каспий» (Ақтау) кездессе, 17.00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тобыл» (Қостанай) командалары шеберлік байқасады. Аталған турды сағат 19.00-де «Атырау» және «Тараз» кездесуі түйіндейді.