Коллаж: egemen.kz
Еліміздің Ғылым және жоғары білім министрі Еуропа мен АҚШ-тағы сияқты, елімізде де оқу үшін рұқсат алудың күрделі жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Ведомстводағылардың айтуынша, көптеген шетелдік студенттер оқуды сылтау етіп, Қазақстанға табыс табу мақсатында келеді. Саясат Нұрбектің сөзінше, Бангладеш азаматтары студенттік виза рәсімдеп, іс жүзінде жұмысқа орналасқан жағдайлар болған. Ал Ауғанстан Ислам Республикасынан келгендер Қазақстанды Еуропаға көпір ретінде пайдаланған.
“Қазір бұл жұмыс енді ғана басталды және жан-жақты пысықталып жатыр. Қазақстан халықаралық тәжірибені ескере отырып, студенттік визаларды тек оқу мақсатында беруге ұмтылып жатыр. Бірқатар елдерде тым либералды ережелер еңбек көші-қонның артуына немесе транзит ретінде пайдаланылуына әкелген. Мұндай тәсіл шетелдік студенттердің үлесін арттыруға және заңсыз көші-қон тәуекелдерін азайтуға, ашықтық пен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді”, – дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры – баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев.
Еске салайық, қазір студенттік виза бір жылға беріледі. Министрдің пікірінше, мұндай жағдайлар сыбайлас жемқорлыққа әкеліп соғады. Енді визаны тек оқу мерзіміне беруді жоспарлап отыр.
