04 қар, 2017 сағат 10:44

«Қазақстан балалары – шексiз әлемде!»

ҚР Бiлiм және Ғылым министрлiгiнiң бастамасымен қолға алынған «Қазақстан балалары – шексiз әлемде!» республикалық шығармашылық кинофестивалi Оңтүстiк Қазақстан облысында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үздiк классикалық және заманауи өнер үлгiлерiн игеру, дарынды балаларды қолдау, сол арқылы оқушылардың тұлғалық рухани мәдениетiн қалыптастыруды мақсат еткен бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған «Дарындылар елi» жобасы негiзiнде iске асырылуда. Фестивальге 160 үмiткер кез-келген жанрдағы қысқаметражды фильмдерiн, шығармашылық шешiмi бар деректi, анимациялық және әлеуметтiк ролик, музыкалық фильмдерiн ұсынған.

Шымкент қаласындағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында фестивальдiң ашылу салтанаты өттi. Жиында облыс әкiмiнiң орынбасары Ұласбек Сәдiбеков құттықтау сөз сөйлеп, фестивальге қатысушыларға ақ жол тiледi.

– Фестиваль барысында республиканың барлық өңiрiнен келген балалар мен жастарға шығармашылық ұжым қалыптастырып, оны дамытуға және араларында қызықты да мәндi қарым-қатынас орнатуға, сондай-ақ, кино өнерiнiң кәсiби қайраткерлерiмен танысуға мүмкiндiк туып отыр. Бүгiнгi фестивальге облыстық және Астана, Алматы қалалық кезеңдерiнiң жеңiмпаздары қатысып отыр. Тұрғындарының 30 пайызынан астамын жастар құрайтын Оңтүстiк өңiрiнде ұйымдастырылған байқау ерекше көңiл-күй сыйлайды деп сенемiн, – дедi ол.

Айта кетейiк, фестиваль барысында «Ерекше бiлiм берудi қажет ететiн балалардың» қолөнер бұйымдары жәрмеңкесi ұйымдастырылып, оған «Қамқорлық» жобасы шеңберiнде өңiрдегi колледж ұжымдары ерекше атсалысты. Келушiлер Оңтүстiктен шыққан киноактерлерiнiң фотосурет көрмесi мен «Оңтүстiкфильм» киностудиясының тақырыптық бейнефильмiн тамашалады.

Фестиваль екi күнге жалғасады. Жеңiмпаздар дипломдармен, арнайы сертификаттармен марапатталатын болады.