20 қар, 2025 сағат 11:09

Қазақстан балаларды қолдауда үздік елдердің қатарында

Фото: ҚР ОАМ

Қазақстанда балалар саны жыл сайын артып, бүгінде халықтың 34%-ын құрап отыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Сарапшылар бұл демографиялық көрсеткіш мемлекеттің балаларды қорғауға және олардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты саясатының нәтижесі екенін атап өтеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен халықаралық ұйымдар да Қазақстанның осы саладағы жетістіктерін оң бағалап келеді.

Еліміз туу туралы актілерді тіркеу көрсеткіші ең жоғары елдердің қатарында. Бұл көрсеткіш қазір 100%-ға жуықтап, халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.

Мемлекеттің басым бағыттарының бірі — балаларға ұзақ мерзімді қаржылық қолдау көрсету. 2024 жылдан бастап іске қосылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қордың инвестициялық табысының 50%-ы кәмелетке толмағандардың жеке шоттарына аударылып жатыр. 2025 жылы әр балаға шамамен 130 АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлінген. Қолдау 324 мыңнан астам баланы қамтыды. Екі жылдың ішінде бір балаға жиналған орташа сома — 233 доллар.

Балалардың дұрыс тамақтануы да басты назарда. 2023 жылдан бастап елдегі барлық бастауыш сынып оқушылары 100% тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл 1,7 миллионнан астам баланы қамтиды. Сондай-ақ 953 мың балабақша тәрбиеленушісі де тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 207,4 млрд теңге бағытталды.

ЮНИСЕФ-тің 2024 жылғы MICS зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы балалардың тамақтану көрсеткіштері Еуропа және Орталық Азия елдері деңгейіне сай келеді. Сарапшылар тұрақты оң үрдістерді және күрт өзгерістердің болмауын атап өтті.

Балалардың қауіпсіздігін арттыру үшін заңнамалық база да күшейтілуде. Кәмелетке толмағандарға қатысты ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Мұндай істер бойынша татуласуға заңмен тыйым салынды, ал ең ауыр қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Әрбір бала мемлекеттен тең мүмкіндік пен сенімді қорғаныс алуы тиіс. Біз оған нақты шаралар арқылы жағдай жасап жатырмыз», — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.


Бала құқықтарын қорғау жүйесі институционалдық тұрғыда да нығаюда. Заңнамалық деңгейде әр 5 мың балаға бір қамқоршылық және қорғаншылық органы маманы бекітіліп, кадр саны 303-тен 1028-ге дейін артты. Осылайша Қазақстан ТМД кеңістігінде бірыңғай кадрлық стандарт енгізген алғашқы ел болды.

2026 жылдан бастап елімізде балаларды қолдау мен дамытуға бағытталған барлық бастамаларды біріктіретін «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы іске қосылады. Бұл бастама баланың өмір бойғы дамуын қамтитын кешенді стратегияға айналмақ.