13 қар, 2024 сағат 16:24

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жасыл энергия саласында стратегиялық серіктестік орнатты

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев, Ильхам Әлиев және Шавкат Мирзиёев экологиялық таза энергияны өндіру және жеткізу бойынша стратегиялық әріптестік орнатуға келісті, деп хабарлайды Ult.kz.

СOP29 Дүниежүзілік климат саммитінің аясында мемлекеттер басшылары жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды.

Мемлекет басшысы бүгінгі айтулы оқиға орнықты дамуға ортақ ұмтылыс тарихының жаңа парағын ашқанын атап өтті.

"Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қою – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлерінің үшжақты ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезең. Құжат елдеріміздің энергетикалық жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға экологиялық таза энергияны жеткізетін сенімді дәліздерді қалыптастыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда Қазақстан ірі транзит аумағы ретінде үлкен рөл атқарады. Аталған келісімнің нақты нәтижелері үш елдің экономикаларын біріктіріп, Орта дәлізді «жасыл көпір» ретінде дамытуға ықпал етеді. Бұл маңызды саладағы тығыз ынтымақтастық мемлекеттер арасындағы тәжірибе мен озық технологияларды алмасуға серпін береді, сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздігімізді нығайтуға септігін тигізеді", – деді Президент.


Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бүгінгі келісімдер үш мемлекет арасындағы бауырластық қатынастар мен стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті. 

Өзбекстан Президентінің пікірінше, бүгінгі келісім экономикалық мақсатты ғана көздемейді, бұл – болашаққа қосылған ортақ үлес.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан шетелдік серіктестермен жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін атап өтті.