Фото: ҚР ҚМ
Қазақстанда PSY-тәуекел деп аталатын әскерге шақырылушыларды психологиялық іріктеудің жаңа әдістемесі кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Бұл жүйе жас сарбаздардың психоэмоционалды тұрақтылығын бағалап, суицидтік мінез-құлыққа бейім жастарды ерте анықтауға бағытталған, деп хабарлайды Ult.kz.
Иновациялық әдістемені Қорғаныс министрлігінің әскери психологтары әзірлеген. Ол биылғы 2025 жылғы көктемгі әскерге шақыру кезінде сынақтан сәтті өтті. Тексеру нәтижесінде 470-тен астам шақырылушыда суицидке бейімділік белгілері анықталып, олар әскерге алынған жоқ немесе қосымша тексеруге жіберілді.
Жаңа жүйе бірнеше кезеңнен тұратын психодиагностикалық сүзгіден құралған:
-
бастапқы скрининг
-
терең психологиялық зерттеу
-
қажет жағдайда психиатриялық сараптама
Мақсат – психикалық тұрғыдан дайын емес азаматтарды әскерге жібермеу арқылы Қарулы күштер қатарында қайғылы жағдайлардың алдын алу.
PSY-тәуекелді енгізу мәселесі ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен ведомствоаралық жұмыс тобы отырысында талқыланды. Жиынға Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдерімен қатар, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметі және өзге де құрылымдардың мамандары қатысты.
Жүйе барлық өңірде кезең-кезеңімен енгізіледі. Мамандардың айтуынша, PSY-тәуекел әдістемесі іріктеудің сапасын арттырып, армиядағы оқыс жағдайларды азайтуға және жас сарбаздардың психикалық денсаулығын қорғауға көмектеседі.
