31 қаз, 2025 сағат 16:00

Қазақстан әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатты

Фото: Ақорда

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеп, еліміздің жоғары білім жүйесін халықаралық деңгейге көтеру бағытындағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің айтуынша, Орталық Азия мен көршілес елдердегі демографиялық өсім – Қазақстан үшін білім экспортын дамытуға және шетелдік студенттерді тартуға зор мүмкіндік.

“Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне айналуды көздеп отыр. Осы мақсатта әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды. Оқу ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жүргізіледі. Бұл көптілділік білім берудің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады,” – деді Президент.


Сонымен қатар, барлық шетелдік филиалдарда қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде енгізілген. Бұл – шетелдік студенттердің ұлттық мәдениет пен құндылықтарды терең түсінуіне мүмкіндік береді.

🔹 Қазіргі уақытта елімізде 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда – бұл рекордтық көрсеткіш.
🔹 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін арттыру жоспарланған.

Осы мақсатқа жету үшін:

  • виза рәсімдеу жүйесі жеңілдетіледі,

  • шетелдік студенттерге қолайлы жағдай жасалады,

  • үздік түлектердің Қазақстанда қалып, еңбек етуіне мүмкіндік беретін бағдарлама іске қосылады.

Президент сөзінде инженерлік және IT бағытындағы білімді дамыту ерекше назарда екенін атап өтті.

“Қытайдың бастамасымен Қазақстанда үш Лу Бань шеберханасы ашылды. Сондай-ақ ядролық энергетика саласы үшін мамандар даярлау маңызды. МИФИ университетімен осы бағытта серіктестік орнатамыз,” – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің бірлескен жобасын мысалға келтіріп, күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын технологияның химия өнеркәсібі мен экологияға зор үлес қосатынын айтты.

“Біздің басты мақсат – білім мен ғылымды экономиканың нақты секторымен тікелей байланыстыру,” – деді Президент.