Фото: depositphotos.com
27 қарашада «Қазақмыс» компаниясының Жамбыл облысындағы «Жайсан» кенішінде қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде Ғ. Омаров атындағы шахта ұңғылау тресінің 1981 және 2002 жылғы үңгуші қызметкерлері жарақат алып, көз жұмды.
Арнайы комиссия жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
«Қазақмыс» компаниясының басшылығы мен еңбек ұжымы қаза тапқандардың туыстары және жақындарына қайғырып көңіл айтады», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, 22 қарашада "Қазақмыс" компаниясының №2 Жезқазған байыту фабрикасында 1980 жылғы машинист әйел конвейерге қысылып қалған. Ол жарақат салдарынан көз жұмды.