«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Ханьчжоудың электрондық коммерция бойынша индустриалдық паркі ниеттестік хатына қол қойды. Оған сәйкес, АХҚО аймағында электрондық коммерция индустриясын дамыту бойынша бірлескен парк құру мүмкіндігін зерттейтін болады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" АХҚО баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық республикасы арасындағы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» секілді бағдарламаларда көрсетілген міндеттерді бірлесіп жүзеге асыру мақсатында тараптар ынтымақтаса жұмыс істеуді көздеп отыр. Бұл дегеніміз - Қазақстандағы электрондық коммерция индустриясын алға жылжыту және дамыту, электрондық коммерция саласындағы қытайлық компанияларды Орталық Азия нарығына шығару, АХҚО-ның негізгі бағыттарының бірі - қаржы технологияларын дамыту.
Осы құжатқа сай, Ханьчжоу электрондық коммерция бойынша индустриалдық паркі АХҚО-мен бірге қазақстандық электрондық коммерция паркін құру мен пайдалану бойынша өзінің ресурстарымен және техникалық тәжірбиесімен бөліспек.
Тараптар, сонымен қатар, электрондық сауда саласындағы зерттеулер бойынша ақпарат алмасуға, бірлескен оқу, білім беру бағдарламалары, оның ішінде семинарлар, конференцияларды ұйымдастырып, өткізуге келісті.
АХҚО мен қытайлық компания арасындағы ынтымақтастық АХҚО аймағында электрондық коммерцияның Аймақтық хабын құруда маңызды рөл ойнамақ.
АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі - ағылшын тілі болады.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.