25 шіл, 2025 сағат 12:01

Қазақ көкпары VI Көшпенділер ойындарынан шет қалды


Фото: Ұлттық және ат спорты түрлері орталығынан

2026 жылдың қыркүйегінде Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми бағдарламасына қазақтың ұлттық көкпар ойыны енгізілмейтін болды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл туралы Kaktus.media Қырғызстанның дене шынықтыру және спорт агенттігінің жетекшісі Айбек Абдымомунов тың сөзіне сілтеме жасап ақпарат таратты.

Абдымомуновтың айтуынша, алдағы ойындарда тек қана қырғыздың көк-бөрү сайысы өтеді. Бұдан бөлек, жарыс форматына елеулі өзгеріс енгізілмек ұлттық құрамалар емес, клубтық жүйе бойынша командалар жарысқа түседі. Жаңа форматқа сәйкес, бір клубтың құрамында түрлі елдің спортшылары бірге ойнай алады. Мысалы, бір командада Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан немесе Венгрия ойыншылары бірге бақ сынауы мүмкін.

«Бұл көк-бөрүді халықаралық деңгейде дамытып, оны саяси даудан арылту жолындағы қадам», деді Абдымомунов.


Кей сарапшылар бұл шешімді ұлттық спорт түрлерін біріздендіріп, халықаралық стандарттарға бейімдеу әрекеті деп бағалайды. Алайда бұл ретте дәстүрлі ерекшеліктер ескерусіз қалуы мүмкін.

Қазақ көкпары мен қырғыз көк-бөрүсінің айырмашылығы ережеде ғана емес, ойын мәнері, спорттық дамуы мен ұлттық болмыста жатыр. Осы ерекшеліктер сақталмаса, бір халықтың спорты екіншісінің аясында жұтылып кетуі ықтимал.

Алдыңғы ойындардағы дау-дамай әсер етті ме?

Бұл шешімге 2024 жылы Астанада өткен V Көшпенділер ойындарында болған жанжалдың әсері болуы мүмкін. Сол жолы финалда Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары көкпарда кездескен еді. Ойын барысында қазақстандық спортшы қарсыласына қамшы сермеп, екі тарап арасында төбелес шыққан. Матч уақытша тоқтап, кейін қайта жалғасқан.

Жанкүйерлердің есінде Қырғызстан 3:1 есебімен алда тұрғанымен, сайыс соңында Қазақстан 5:4 есебімен жеңіске жетті. Наразы болған қырғыз ойыншылары күміс медальдарын сахнада шешіп тастап, марапаттау рәсімінен кетіп қалды. Артынша Қырғызстан федерациясы ресми хат жолдап, Ыстықкөлде реванш өткізуді ұсынған, бірақ Қазақстан құрамасы оған қатыспады.

Мыңжылдық мәдениет — Көкпар

Көкпар ойынының нақты пайда болған жылы белгісіз, алайда оның түп-тамыры сақ, ғұн, көне түркілердің әскери-жауынгерлік дәстүріне негізделген. Бұл ойын б.з.д. І мыңжылдықтарда пайда болған деп есептеледі және түркі халықтарының барлығында дерлік ұқсас нұсқалармен сақталған.

"Көк" кей деректерде "аспан", ал кейбір этнографтар "көк серке" (жас, мықты серке) деген мағынада қолданған дейді. "Пар" кей тұжырымдарда "жыртып алу", "тарту" деген мағынада кездеседі. Демек, "көкпар" – "көк серкені тартып алу" немесе "жүлде үшін талас" деген мағынаны білдіреді.