01 нау, 2020 сағат 06:45

Қазақ халқының жақсылығын ешқашан ұмытпақ емеспіз – Валентин Юн

Қазақ халқының жақсылығын ешқашан ұмытпақ емеспіз. Бұл туралы Ақсай қаласында тұратын өңірге танымал дәрігер Валентин Юн мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, басына қиын-қыстау күн туғанда байтақ қазақ даласына көшіп келгендер көп.

Соның ішінде сталиндік зұлмат заман үстемдік құрған өткен ғасырдың отызыншы жылдары кәріс ұлтының өкілдері де қазақ жеріне депортацияланды.

Өз жерінен қуғынға ұшырағандар қатарында Юннің де отбасы болды. Бір түннің ішінде тұтастай ауылды ештеңе айтпастан, пойызға тиеп, алып кеткен. Мал таситын вагондарда еңбектеген сәбиден бастап еңкейген кәріге дейін адам айтқысыз ауыр күй кешіп, бір ай жол жүрген. Жолда бірде-бір стансаға аялдамастан, Қарағандыға жеткізген. 

«Жергілікті халыққа «халық жауларын» әкеле жатқандарын айтып, ешкімге қолұшын бермеуге бұйрық берген. Міне, соған қарамастан, өздері тіпті аш құрсақ болса да, қазақтар қолұшын созып, алдымен қариялар мен сәбилерді тамақтандырып, үйлеріне кіргізіп жылытты. Шетке қаққан жоқ, бауырына тартты. Сондай мейірімді адамдардың арқасында бәріміз аман қалдық. Мен сол кезде бір жаста екенмін. Алғашқы жылы бізді қазақтар өз шаңырақтарына жатқызып, қамқорлады. Келесі жылы біртіндеп өзіміз үй салып алыппыз. Содан бері Қазақстанды мекендеп, өз Отанымызда өмір сүріп келеміз», дейді Валентин Юн. 

Кәріс ұлтының өкілдері бұл жақсылықты ұмытқан жоқ. Соның дәлеліндей 2012 жылы Оралда «Қазақ халқына мың алғыс!» атты монумент орнатылды. Жыл сайын осы ескерткіш жанында түрлі шаралар өтеді. 

Биыл да Алғыс айту күніне орай Ақ Жайық жұртшылығы ескерткіш жанына жиылып, гүл шоқтарын қойды. Қазақ халқына деген шынайы ынта-ықыласын, құрметін осылайша білдірді. 

«Біз қазақ халқына мәңгілік қарыздармыз. Бұл – барша кәріс ұлты өкілдерінің пікірі. Тәуелсіз қазақ елінің одан әрі өркендеп, дамуына біз де үлесімізді қоса беретін боламыз», деп түйіндеді ойын Валентин Юн.