16 шіл, 2025 сағат 14:43

Қазақ қаламгерлері әлемдік аренаға шықпақ

Фото: Ult.kz

Қазақстан Жазушылар кітапханасында ақын, философ, ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының кеңесшісі Мұратхан Шоқанның ұйымдастыруымен Халықаралық ақындар ПЕН-клубы Қазақстандық филиалының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Ult.kz.

Штаб-пәтері Автралияның Сидней қаласында орналасқан ПЕН клубтың мақсаты «Бейбітшілік. Бостандық. Идея» қағидаларын басшылыққа ала отырып дүниежүзіндегі ақындар арасындағы ынтымақтастықты дамыту, шығармашылық жаңа көкжиектер ашу, ақындарды әлемдік аренаға алып шығу.



Фото: Ult.kz

«Енді  әрісі Орта Азиядағы бауырлас елдердің, берісі Қазақ елінің дарынды  ақындары Әлемдік әдебиеттің аренасында өз таланттарын паш етіп, Қазақстанның туын желбірететін болады.
Әрине, кешегі Алматы қаласында өткен жиналыс  Халықаралық ақындар Пен клубының Қазақстан филиалын құру туралы шағын ғана ынталы һәм белсенді топтың отырысы.
Алдағы уақытта ұйымға мүшелікке Еліміздің және Орта Азия елдерінің ең талантты ақындары тартылатын болалы.
Өз қазанында өзі қайнай бермей, өз буына өзі пісе бермей, қазақ қаламгерлері де әлемдік әдеби аренаға шығатын уақыт жетті», – деді шығыстанушы халым Дүкен Мәсімханұлы.


Ашылу салтанатына Ә.Қайырбеков, В.Вавилин, М.Шаймаран, С.Қамшыгер, Ж.Сәрсек, Е.Бейілхан, А.Жұмаділ, К.Мамукадзе, Д.Байтұрсынұлы, А.Айдарбекова, т.б. ақындар қатысты.



Фото: Ult.kz

Іс-шарада ақын, аудармашы, шығыстанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы Халықаралық ақындар ПЕН-клубының әлемнің әртүрлі елдерінде (аймақтарында) филиалдарын құру тәртібімен және Қазақстандық филиалының жарғысымен, жалпы ережелерімен таныстырды.


«Журналист болу керекпін, дәрігер боламын, ғалым болуға тиіспін» деп діттеген мақсатына жетіп жүргендер баршылық. Бірақ «ақын болу керекпін» деп қанша тыраштанғанмен  ақындық – «керекпінмен» біте салатын шаруа емес. Өйткені ақындықты ешбір елде оқытпайды. Ол – Тәңірден берілген тәтті сый. Әр ақын өзіне берілген тағдырды сомдайды. Кейде өз өлеңдеріндегі тағдырды бастан кешіп жататындары да бар. Мұндайда айтар ойдан абай болуымыз керек дей де алмаймын. Себебі ауызға түскен жыр жолдарын жазбаса тағы болмайды.  Өйткені ақындық деген – тым биік ұғым. Күні кеше Халықаралық ақындар ПЕН клубына мүшелікке қабылдандым. Әзірге ең жас мүшесімін. Сондықтан жауапкершілігін сезініп-ақ тұрмын. Енді ПЕН клубтың барлық мүшелеріне жақсы өлеңдер жазуды жазсын», – дейді ақын Ақгүл Айдарбекова.


Жиын барысында ПЕН клубтың төрағасы лауазымына Дүкен Мәсімханұлы, орынбасарлары ақын, ғалым, журналист Бауыржан Жақып, ақын, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Вячеслав Вавилин, хатшысы болып ақын, философ, ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысының кеңесшісі Мұратхан Шоқан және басқарма мүшелері сайланды.

Ақбота Мұсабекқызы