Фото: inbusiness.kz
Кейінгі кезде қазақ футболындағы инфрақұрылым мәселесі жиі көтеріліп жүр. Сарапшылар бөлінген қыруар қаражатқа қарамастан, инфрақұрылым сапасы төмен және жаттығуға арналған алаңдар саны өте аз екенін айтады. Сондай-ақ мамандар балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуда бұл мәселені өзекті деп есептейді.
Елордалық 19 жасар Арын Қарбозов кейінгі 8 жыл “Болашақ” балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде жаттыққан. Оның сөзінше, Қазақстанда жақсы футбол стадиондары, жаттығу алаңдары жоқтын қасы.
“Футболмен айналысқан кезде менде әрқашан қазіргі жағдай өте ауыр деген пікір болды. Елде жақсы футбол стадиондары, жаттығу алаңдары аз, тіпті, жоқ. Тек «Қайратта» (футбол клубы – ред.) ғана лайықты, керемет академия бар және елде ешқандай бәсекелестік жоқ”, – дейді ол.
2024 жылы 3 сәуірде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі кейінгі 6 жылда спорт саласындағы бюджет 2 есе өсіп, 1,4 трлн теңгеге жеткенін мәлімдеді. Қазақстан үкіметінің спорттағы бюджет пен жалақы межесіне шектеуі қойғанына қарамастан, Қазақстанда футбол кәсіподақ клубтарына кейінгі 3 жыл ішінде шамамен 30 млрд теңге үстемақы төленген екен. Спорттық инфрақұрылымды дамытудың орнына бюджет қаражаты легионерлерге және спорт нысандарын жалға алуға жұмсалғаны белгілі болды.
“Оңтүстік” академиясының жетекшісі Игорь Филипчук те жас футболшыларды дамытудағы басты мәселе Қазақстан премьер лигасы клубтарындағы легионерлердің көптігіне байланысты екенін айтады.
“Жас таланттарды дамыту барысында өте көп қиындықтар бар. Солардың ең актуалды және қатты әсер ететіні ол, әрине, легионерлердің үстемдігі”, – дейді Филиппчук.
Биыл қаңтар айында ресми түрде легионерлер лимиті жойылды. Бұл қазақстандық футбол клубтарына бір мезетте 11 шетелдік ойыншыны шығаруға мүмкіндік береді. Команда құрамы 25 ойыншыдан тұрса, оның 12-сі легионер болуға рұқсат берілген.
Лигадағы барлық клубтың балалар және жасөспірімдер құрамы бар. Сарапшылар турнирлік практика жетіспегендіктен, мотивациясын жоғалтқан жастар спорттан кетуге мәжбүр болатынын жасырмады.
Елордалық Арынның сөзінше, 8 жыл айналысқан футболды тастап кетуіне, инфрақұрылым деңгейінің төмендігі және жаттығу үшін табиғи көгалдардың жоқтығы себеп болған.
“Футболды әдетте табиғи көгалда ойнайды. Бірақ бізде мұндай алаңдар жоқ. Ал жарыстар табиғи көгалдарда болған кезде онда ойнау мүмкін емес”, – дейді Арын.
Жыл басында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қазақстанда 30 жыл ішінде тек екі стадион салынғанын айтты.
Көкшетаулық “Оқжетпес” шамамен жарты ғасыр бұрын салынса, Түркістанда небәрі 4 жыл бұрын пайдалануға берілген 39 миллион долларлық арена жобалаудағы қателіктерге байланысты қайта жөндеуге жабылған.
Ал көршілес Өзбекстанда кейінгі жылдары инфрақұрылымға бөлінген бюджет 2 есе аз болса да, еуростандартқа сай 10 стадион салынған. Спорт сарапшылары Ташкенттегі академияда шамамен 1,5 мыңға жуық бала жаттығатынын және оның 160-тан астамы интернатқа орналастырылғанын айтады.
Биыл Өзбекстанның футболдан олимпиадалық құрамы Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарына жолдама алды. Өзбек футболшылары Орталық Азиядан Олимпиадаға қатысатын алғашқы құрама команда атанып отыр.
Спорт журналисі әрі сарапшысы Аслан Қаженов отандық футбол жағдайының күрделілігі жемқорлықпен, келеңсіз жағдайларға толы жүйемен байланысты деп есептейді.
“30 жыл ішінде футболға басқа спортпен салыстырғанда ең үлкен көлемдегі ақша бөлінгеніне қарамастан, балалар футболының жағдайы өте нашар. Балалар академиясы жоқ, жоқтың қасы. Спорттық инфрақұрылымдарымыз жеткіліксіз. ҚПЛ-да кейінгі 6 жылда бөлінген 195 млрд теңгенің басым бөлігін легионерлерге жұмсау деген – масқара жағдай”, – деді ол.
Елордағы №8 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің жаттықтырушысы Ернар Тілеуқұл да жас футболшыларды даярлаудағы ең негізгі мәселе инфрақұрылымның жоқтығы екенін айтады. Кейбір өңірлерде инфрақұрылым болса да, алаңдардың сапасы өте төмен немесе қымбат болып келеді екен.
Сондай-ақ, бапкер көптеген клуб жаттығу алаңдардын жалға алатынын тілге тиек етті. Бәсекелестік пен алаңдардың аздығы, тіпті, жоқтығы жалға беру бағасының жоғары болуына әсер ететіндігін жасырмады.
Бапкердің сөзінше, Қазақстанда бапкерлік кадр жетіспеушілік мәселесі де бар.
“Жақсы бапкерлер бар. Бірақ, олардың саны өте аз және жалақысы өте төмен. Сондықтан, көп жақсы жаттықтырушылардың 1 немесе 2-3 жұмыста істеуіне тура келеді. Толықтай бір жұмысқа назар аудара алмайды… Үшінші мәселе – жүйенің жоқтығы. Жарыс жүйесінің жоқтығы, халықаралық жарыстардың аз өтуі. Өткізуге инфрақұрылымның жоқтығы себеп болады”, – деді бапкер.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 2024 жылы спорт саласында 39 жемқорлық қылмысын тіркеді.
«Қаржыландырудағы диспропорция жемқорлық схемаларына негіз болды. Егер бұқаралық спортта қазір цифрландырылған жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істеп тұрса, онда жоғары жетістіктер спортында ашық емес және субъективті төлемдер, аз бақылау, еншілес қатысушылар, жалған оқу-жаттығулар және қосарланған қаржыландыруға жағдай жасалған», – дейді агенттік төрағасы Асхат Жұмағали.
Луиза Алиасқарова