Ресейлік қазақ файтер Дамир Ысмағұлов (19-1) пен қытайлық қандасымыз Сайран Нұрданбекұлы (19-6) АҚШ-тағы UFC Vegas 27 турнирінің алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті, - деп хабарлайды Vesti.kz сайты.
Ысмағұловтың салмағы - 70,53 келі, бразилиялық қарсыласы Рафаэль Алвестің (19-9) салмағы 70,08 келі болды.
Ал Сайран пен оның аустралиялық қарсыласы Джош Кулибаоның (8-1-1) салмағы бірдей - 66,22 келі.
Портал мәліметінше, қандас файтерлер бір кардта өнер көрсетеді.
Оған қоса, қазақ файтер Дамир Ысмағұлов пен бразилиялық Рафаэль Алвес жекпе-жек алдындағы көз арбасу рәсімінде бір-бірімен қол алысқан жоқ.
Файтерлер арасындағы жағымсыз қарым-қатынас бразилиялық спортшы әлеуметтік желілерде екі адамның егеуқұйрықты өлтіріп жатқан видеосын жариялағаннан кейін пайда болды. Алвес видеоға Бразилия мен Қазақстан жалауларын қосып қойған. Оның бұл әрекеті Ысмағұловқа ұнамады.
UFC Vegas 27 турнирінің басты жекпе-жегі жеңіл салмақтағы америкалық Роб Фант (18-4) пен Коди Гарбрандт (12-3) арасында болатыны хабарланды.
Жекпе-жектер жексенбіде, 23 мамырға қараған түні Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өтеді.