03 нау, 2017 сағат 22:31

Қазақ ең алдымен қай елде, қандай құқықтық негіздермен өмір сүріп жатқанын білуі керек...

Негізі біз заңды біліп, танып барып пікір айтуды ұмыттық. Ұлттық эмоциямызбен кеттік. Рас мына "елдің құраушысы" (государство составляющий) емес, "елдің құрушысы" (государство образующий) қазақ ұлты екендігі мәлім. Бірақ осы анық ақиқат ата заңымызда көрініс таппаған.

Сондықтан тек Білім мен ғылым министрлігі ғана емес, жалпы барлық салада қазақ мәдениетін орталыққа алып, мәселені сол негізде шешу ұстанымы атымен жоқ. Себебі кез келген сала өз шешімін тек ата заң қонституция шеңберінде ғана қабылдайды. Сондықтан бүгінгі үкіметтің оның министрліктерінің басты ұстанымы да, сүйенер негізі де - конституция мен құқықтық нормалар.

Рас бүгін қазақтың ұлттық санасы мен саяси көзқарастарына жан кіріп келеді. Бірақ құқықтық сана мен саяси жүйенің негіздеріне үңілген сауаттырақ болады. Себебі қазіргі айтылған кез келген пікірлерің желге ұшады да кетеді. Мамандығым "философ-теолог, дінтанушы" болғандықтан, қоғамдағы діни ахуалдың үдерістік және құбылыстық сипаты туралы, яғни, негізгі аспектіме бей- жай қарай алмайды екенмін.

Мамандық деген ол сол адамның тағдыры, сатып алған ауруы екен. Қазір осы сала маманы болғаныма қатты өкініп жүрмін. Одан да Қаратауда қой бағып жүргенім мың артық еді деп. Неге десеңіз күні кеше ғана дін істері министрлігінің "Ермекбаев концепциясы" деп шартты түрде аталатын құжатымен таныстым.

Жалпы дін саласындағы басшылардың кеңестік режимнен алдын және кейінгі А. Мұқашевтан бастап, кешегі дін істері агенттігі басшысы болған Қ. Ламашариптен бері жалғасқан жүйенің тетіктері мен шешімдерінен хабарым бар. Сонда концепцияның мазмұны кешегі кеңестік идеологияның дін және мемлекет қатынастары ұстанымдарынан ешқандай айырмашылығы жоқ екендігіне көзіңіз жетеді.

Бүгінгі демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекетте конституцияға сай дін және мемлекет қатынастары ұстанымдары кеңестік атеизм тетіктерінен мүлдем басқаша болуынан асқан табиғилық болмау керек еді. Өкінішке орай олай емес. Енді келіп, "сендердің зайырлылықтарың атеизм" деп жүрген "ахиларға" не уәж айтамыз... Кешегі кеңестік секуряризм мен бүгінгі зайырлылықтың ең басты айырмашылығы қоғам мен мемлекет қабаттарының дінмен қатынасынан көрініс табады.

Кеңестік секуляризм дінді мемлекеттен де қоғамнан да адамнан да бөліп тастады. Қоғамды да секулярлық ұстанымда ұстап, солай бақылады. Сонда дін адам қоршаған мәдениеттен де, әлеуметтік институттан да, отбасынан да, саясаттан да, өнерден де, экономикадан да, білім беруден де, медицинадан да аластатылды. Бұл кеше кеңестІк кезеңде болатын. Мемлекет саясатын осы негізде жүргізді.

Ал бүгін біз еркін, егемен, тәуелсіз елміз. Зайырлы демократиялы, құқықтық және әлеуметтік негізде баяндылығын құруды мақсат еткен, ата заңында осылай айғақтап қойған мемлекетпіз. Онда неге, не себепті, кешегі кеңестік атеизм кезеңіндегі дін және мемлекет қатынастарын негіздейтін ұстанымдарды сол қалпы қабылдаймыз? Қазақстан Мұсылмандары Дін басқармасы неге осы құжатқа барша мұсылмандар атынан қоғамдық институт ретінде өз пікірін, көзқарасын білдірмейді? Бұл туралы Президент Әкімшілігі не дейді екен, деген сұрақ туып отыр.

Досай Кенжетай, 

Ұлт порталы