17 қаң, 2017 сағат 11:05

«Қазақ деген халық негізінде Қазақстанда тұрады» деп түсіндіремін»

Қытайда тұратын этникалық қазақ Мұхтар Тілеуғазы. Сурет оның жеке архивінен алынды.

Қытайда туып-өскен этникалық қазақ Мұхтар Тілеуғазы ондаған тарихи фильмде ойнаған. Ол сомдаған рөлдердің арасында түркітектес кейіпкерлер де бар.

Қытайда актер Мұхтар Тілеуғазы басты рөлдердің бірін ойнаған «Жаужүрек аспан сардары» фильмі прокатқа шыққан күні-ақ 19 миллион доллар қаржы жинағаны хабарланды. Бұл фильм – 40 жастағы қазақ актер түскен 20 шақты туындының бірі. Мұхтар Тілеуғазы Азаттыққа берген сұхбатында бұл фильмдегі рөлі жайлы, кино өнеріне қалай келгені туралы әңгімеледі.

Азаттық: – Актерлік негізгі мамандығыңыз ба?

Мұхтар Тілеуғазы: – Балалық шағым өткен Іле облысы Күнес ауданындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Бейжіңге (Пекинге – ред.) келіп, Қытай өнеркәсіп университетінің экономика факультетінде төрт жыл білім алдым. Бірақ мамандығым бойынша бір күн де жұмыс істемеппін. Өйткені бала жасымнан киноға түсуге құмар болдым. Орта мектепте спортпен, оның ішінде баскетболмен айналыстым. Бойым – 1 метр 87 сантиметр. Менің киноға келуіме де осы бойым әсер етті десем болады.

Азаттық: – Кино саласына қалай келдіңіз?


Қытайда тұратын актер Мұхтар Тілеуғазы.

Мұхтар Тілеуғазы: – 2010 жылы Қытайдың танымал режиссерлерінің бірі Лу Чжан мені фильміне шақырып, сонда ойнадым. Сол фильмнен кейін кино саласындағы жолым ашылды. Содан соң іле-шала белгілі кино маман Тянь Чжуан Чжуанның көзіне түстім. Ол фильмінде Таң патшалығына қарсы шыққан түркітектес жауынгердің рөлін берді. Міне, осыдан кейін тек тарихи фильмдерге түсіп келемін. Сол тарихи фильмдегі негізгі кейіпкерлердің рөлі маған бұйырып келеді. Тіпті, бірде қытайдың танымал режиссерлерінің бірі «сенің түрің бұрынғының адамдарына келеді» деген. Бейжіңде қазақтарды көрмеген режиссерлер де кездеседі. Кейде «Сен қай ұлтсың?» деп сұрап жатады. Ондай кезде «Қазақ деген ұлттан боламын. Қазақстан деген елді естіп пе едіңіз? Қазақ деген халық негізінде сол жақта тұрады» деп түсіндіремін.

Азаттық: – Осы уақытқа дейін қанша фильмге түстіңіз.

Мұхтар Тілеуғазы: – Нақты санын айта алмаймын. Шамамен 20-ға жуықтап қалды. Қазір мен түскен фильмдердің бірі «Жаужүрек аспан сардары» киносын көрсетіп жатыр. Бұл фильмді 2014 жылы түсірген. Қазір тек Қытайда ғана емес, әлемнің 30-ға жуық елінде көрсетіліп жатыр деп естідім. Бұл фильмде Байрұң тайпасы өкілінің рөлін сомдадым. Ал 2016 жылы төрт фильмге түстім, бірақ оларды әлі жарыққа шығарған жоқ.

Азаттық: – Киноға түсуден бос кезде немен айналысасыз?

Мұхтар Тілеуғазы: – Келіншегім Анар өзім туып-өскен аумақта үкіметтік қызметте істейді. Сол себепті кино түсірілімінен бос уақыттары туған жерімде боламын. Қолым бос кездері кітап оқимын, спортпен шұғылданып, денемнің бұлшық еттерін жетілдіремін, ат үстінде жүріп түрлі өнер жасауға жаттығамын. Себебі кинодағы негізгі кейіпкерлерім ат үстінде болады. Ал кино түсіру кезінде бала-шағамды алып, Бейжіңге көшіп барамын. Көшпелі қазақпын десем де болады.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

Нұртай Лаханұлы, "Азаттық"