22 қаң, 2017 сағат 23:39

Қазақ баласына қазақы ойыншық керек

Әр отбасының бақыты – балалар үшін ойыншықтардың маңызы зор. Ойыншықтар балдырғандардың дүниетанымын қалыптастырып, қабілетін шыңдауға көмектеседі. Десек те, кей уақытта сол ойыншықтардың бүлдіршіндерге кесірін тигізетін сәттері де кездесіп жатады. Жас ұрпақтың келешегіне алаңдайтын кез келген мемлекет мұндай жағдайға бейжай қарамайтыны сөзсіз.

Қорқынышты монстр хай қуыршағы

Кез келген бала ойыншық арқылы есейіп, ой-өрісін дамытады. Сол себепті де, балаларға ойыншық сатып аларда қателеспеу қажет. Бірақ ойыншықтың қауіпсіздігі мен сапасына баса мән беретіндер аз. Дүкен сөрелерінде жайғасқан қызылды-жасылды ойыншықтар көз сүріндіргенімен, олардың сапасын назардан тыс қалдыруға болмайды. Ойланбастан түрлі ойыншықтарды сатып алған ата-ана балаларға қалай қауіп төндіргенін де сезінбей қалуы мүмкін. Ойыншықтардың кейбірі балалардың денсаулығына, психологиясы мен дамуына кері әсер етеді. Осы орайда балаларға арналған ойыншықтардың сапасын ретке келтіру  мақсатында Кедендік одақтың «Ойыншықтар қауіпсіздігі» туралы құжатқа бірқатар өзгерістер енгізу мәселесі де орынды көтерілді деуге болады. Мамандар балаларға ойыншық сатып аларда ерекше сақтық танытып, оның сыртқы түріне, пішініне, өзіндік иісіне, сапасына, ұстағанда бояуы қолға жұқпауына назар аударған жөн дейді. Сондай-ақ, оның сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжатының болуына, нарық айналымына шығарыларда Кеден одағының техникалық регламентінің қауіпсіздік талаптарымен сәйкестендірілгеніне көз жеткізген дұрыс екен.

Қазақстанда балалар ойындары мен ойыншықтарының сапасы мен қауіп­сіз­дігі Кедендік одақ комиссиясы бе­кіткен «Ойыншықтар қауіпсіздігі ту­ра­лы» техникалық регламенті бойын­ша қадағаланады. Осы құжатта ойын­шық­тардың сапасы мен қауіпсіздігін қамта­масыз ететін талаптар көрсетілген, өйткені  ойыншықтар балалардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірмейтіндей болып жасалуы тиіс.  Елімізде ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы Заң да бар. Аталған заңда  қолданылатын ойыншықтар адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін және қоршаған ортаны қорғауда қамтамасыз етілуі қажет, сонымен қатар, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің мәліметіне сүйенсек, мамыр айында «Ойыншықтар қауіпсіздігі» туралы техникалық регламентке өзгерістер енгізілуі мүмкін. Яғни, сол уақытта ойыншықтарға психологиялық-педагогикалық сараптама жүргізу мәселесіне нүкте қойылмақ. Айта кетейік, Кедендік одақтың мұндай жаңалығына Қазақстан тарапы бастамашы болған еді. Алайда психологиялық-педагогикалық сараптамадан белгілі бір топқа жататын тауарлар ғана өткізіледі. Тексерілетін ойыншықтар категориясына қарай таңдап алынады. Мамандардың айтуынша, машиналар мен доптар тексерілмейді. Соңғы уақытта кішкентай қыздардың сүйікті ойыншығына айналған монстр хай қуыршақтары басты назарға алынбақ. Психологиялық-педагогикалық са­раптама енгізілсе, оған алдымен Еуразия­лық экономикалық одаққа мүше елдердің тауарлары ілігеді. Әзірге елімізде мұндай сараптама түрі жүргізілмейді.

Тіпті, бізде ойыншықтардың бала дүниетанымына қалай әсер ететіндігін бақылайтын органның бар-жоғынан да көпшілік хабарсыз. Мәселен, Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті ойыншықтардың сыртқы келбетін ғана тексереді. Яғни, «аллергия тудыра ма, құрамында қауіпті қоспалар бар ма?» деген техникалық жағын ғана назарға алады. Сондықтан психологтар да, ойыншық өндірушілер де баланың қандай ойыншықпен ойнап отырғанына тек ата-ана ғана жауапты дейді. Дегенмен, психологтар бұл бас­та­маның жүзеге асуын құп көреді. Психологтардың айтуынша, жоғарыда аталған монстр хай қуыршағының жез тырнақтары, шашының бояуы мен көзінің түсі, ұсқынсыз киімі баланың жүйкесіне кері әсер етеді. Мұндай ойыншықтардың кесірінен бала психологиялық жарақат алуы мүмкін. Балалардың психологиясына кері әсер ететін ойыншықтар монстр хай қуыршақтарымен шектелмейді. Шетелдік анимациялық фильмдердің ойыншықтарға арналған кейіпкерлерінің біразы балаларға теріс ықпал ететінін айта кеткеніміз жөн. Бүгінде аяғы ауыр қуыршақтарды да, қолына қару ұсынған түрлі құбыжық бейнесіндегі ойыншықтарды да кез келген дүкеннен табуға болады. Бұлар да бала психикасына кесірін тигізуі әбден ықтимал. «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» құжаттың 8-бабында: «Ойыншықтар баланы агрессиялық іс-әрекеттерге, қатыгездік танытуға, өнегесіз іс-әрекеттер мен зорлық-зомбылыққа, баланың жас ерекшелігі құзыретінің аясынан шығатын сексуалдық проблемаларға жағымсыз қызығушылыққа, балалар мен ересектердің нәсілдік ерекшеліктеріне және денесінің кемшіліктеріне менсінбей және теріс қарауға итермелемеуге тиіс» делінген.

Дегенмен, ойыншықтарға психоло­гия­лық-педагогикалық сараптама жүргізу ісіне ойыншық индустриясынан нан тауып жүрген кәсіпкерлер түбегейлі қарсы. Олардың айтуынша, бұл тексеріс балалар тауа­рын шығарушы компанияларды тұра­латып, бағаның қымбаттауына соқтырады. Яғни, сараптамаға жұмсалатын шығын есе­бінен ойыншықтардың бағасы арта тү­седі. Сараптама тегін жүргізілген күнде де, зертханалық жұмысқа кеткен уақыт тауардың құнына әсер етеді екен. Қазақстан балалар тауарлары индустриясы қауымдастығы мамандарының сөзіне сенсек, әлемнің өзге елдерінде ондай сараптама жүргізілмейтін көрінеді.

Қауіпсіз ойыншықты қайдан табамыз?

Дүкен сөрелеріндегі ойыншықтардың басым бөлігі – шетелдік тауарлар. Дерек­терге қарағанда, елімізге ойыншықтардың 73 пайызы Қытайдан,16 пайызы Ресей мен Белоруссиядан келеді. Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің дерегінше, 2015 жылы 479 ойыншық тексеріліп, оның 224-і, яғни 47 пайызы Кедендік одақтың техникалық тәртібіне сай емес деген қорытынды жасалды. Ал  2016 жылы 1532 тауар тексеріліп, 531-і немесе 37 пайызы талапқа сай болмай шыққан. Яғни, тексерілген ойыншықтардың құрамында қауіпті формальдегид, фенол қышқылдары қалыптан 2-3 есе көп екені анықталды. Аталған заттар балаларға арналған ойыншықтар жасау кезінде жиі қолданылады. Әрі олар бала денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді.

Көздің жауын алатын ойыншықтардың басым бөлігі көрші жатқан Қытай елінен әкелінеді. Қытайда ойыншық өндірісі дамығаны сонша, бұл елде тек қана ойыншықтар жасап шығаратын 8000-нан астам компания тіркеліп, жұмыс істеп келеді. Олар жыл сайын ойыншықтың 30 мың түрін өндіретін көрінеді. Тіпті, әлем ойыншықтарының 95 пайызы Қытайда құрастырылады. Елімізге келетін Қытай ойыншықтарының көпшілігінде ешбір құжат жоқ, сондықтан мұндай ойыншықтар көбінесе базарларда сатылады. Түрлі тексерістер барысында аспанасты елі шығаратын балаларға арналған өнімдер құрамына белгіленген мөлшерден бірнеше есе көп мырыш бар бояуларды қосатындығы анықталған. Мұның қауіптілігі сонша, ағзаға түскен мырыш миды зақымдап, сәбиді мүгедек қылады. Ал кішкентай бүлдіршіндердің кез келген затты ауызға салып, иіскеуге құштар екендігі ешкімге де жасырын емес. Сонымен қатар, ойыншықтар құрамындағы формальдегид әдеттегіден 10-15 есе көп. Аса зиянды улы зат – фенолдың көрсеткіші де бірнеше есе көп екендігі және шығатын дыбыстардың талаптан асып түсетіні де белгілі. Бөбектерді алаңдататын сыңғырлақтардың келешекте оны керең, саңырау қылатыны да анықталып отыр. Сондай-ақ, резеңке ойыншықтарының құрамындағы кадмий мен қорғасын мөлшері де қалыпты деңгейден әлдеқайда асып түседі. Мұндай улы ойыншықтар баланы тек қана аллергиялық ауруға ұшыратып қоймайды, онымен қоса асқазан, ішек дерттеріне де ұшырататын көрінеді.

Жыл сайын құқық қорғау, кеден ұйымдары бала денсаулығына зиян келтіретін ойыншықтарды тәркілеп, саудадан алып тастайтынын естіп жатамыз. Базардағы самсап тұрған ойыншықтың көпшілігі сапасыз. Тіпті, тиісті құжаттары мен сертификаттары да жоқ. Ал ереже бойынша, әрбір өнімнің сапасы, қауіпсіздігі жайлы сертификаты не болмаса санитарлық қорытындысы болуы қажет. Әрбір ойыншықта маркасы, шығарған зауыттың аты, ел коды, мекенжайы туралы ақпарат көрсетілуі керек. Алайда базарға барған қай ата-ана ойыншықтың құжатын сұрап, сапасын тексеріп жатады дейсіз. «Менің 2 жасар қызым бар. Кішкентай болса да, ойыншығының көп болғанын қалайды. Базарға бара қалсақ, бірнеше ойыншық алмай қайтпаймыз. Шынымды айтсам, оның сапасын тексеріп, құжатын сұрап жүрмейміз. Тіпті, базардағы тауарлардың сертификаты болмайтындығына сенімді болсақ та, сатып аламыз. Ал дүкендерден алайын десек, ондағы ойыншықтардың бағасы шарықтап тұр. Әр ойыншықты 10 мың теңгеден алсақ, түгіміз қалмайды. Сондықтан, базардағы ойыншықпен баламыздың көңілін аулаймыз», – дейді қала тұрғыны Мақсұт Тәжібекұлы. Мақсұттың айтқаны да шындық. Базардағы бағаға разы болып, ойыншықтың сапасына назар аудармайтын ата-аналар қаншама.

Әрине, қаладағы үлкен дүкендерден сапалы әрі барлық құжаты бар, арнайы тексерістен өткен ойыншықтарды табуға болады. Мұндағы әрбір өнімде дайындаушы, тауар белгісі, ойыншық атауы, дайындалған күні мен өндірген мемлекеттің аты қазақша нұсқада жазылғанын да байқауға болады. Бірақ олардың бағасы базардағыдан 2-3 есе қымбат. Сондықтан, дүкендердегі ойыншықтар талапқа сай болғанымен, олар кез келгеннің уысына түспейді. Ал базарлардағы ойыншықтардың 90 пайызының сертификаты жоқ. Мұны сатушылар сертификатпен келетін ойыншықтардың қымбатқа түсетінімен түсіндіреді.

Деректерге жүгінер болсақ, жыл сайын балаларына арналған ойыншықтарға қаржы жұмсауда жапондық отбасылар көш басында екен. Олардың әр отбасыдан шығатын қаражаты 305 доллардың көлемінде. Ал ағылшындар 280, француздар 260, америкалықтар 240, ресейліктер 30 доллар шамасында қаржы жұмсайды. Бұл тізімнен қазақстандықтар да қалыс қалмайды. Тек базардағы сапасыз ойыншықты құп көріп, балалардың болашағына алаңдамайтындардың көптігі өкінішті.

Отандық ойыншықтар неге аз?

Бүгінгі күні бала тәрбиесіндегі бірден-бір құрал – ойыншықтар. Бір өкініштісі, қазақ балаларына ермек болар ұлттық ойыншықтарымыз көп емес. Бүлдіршіндеріміз түр-сипаты түсініксіз Шрек, Бэтмен, Спанч Боб, Өрмекші-адам, вампир-қанішерлер, түрлі роботтарды жандарына серік етуде. Мұндай шетелдік мультфильмдердің кейіпкерлері ұрпақ санасын улап қана қоймай, баланың ұлтжанды, адамгершілігі мол азамат болып ер жетуіне кедергі болады. Ал бұған тосқауыл қоятын ата-аналар да тым бейқам. Ойыншық тәрбиенің бастауы болса да, үлкендер оны баланы жұбату мен алдап, көңілін аулаудың құралы ретінде пайдаланып, «ойыншық қой» деп немқұрайлы қарауын жалғастырып келеді.

Қазақ баласына қазақы ойыншықтың қажеті екендігін түсінетін уақыт әлдеқашан жеткен. Бірақ бұған үкімет те, ата-ана да, кәсіпкерлер де назар аударар емес. Әрине, отандық ойыншықтарды өндіретіндер мүлдем жоқ деп аузымызды құр шөппен сүрте алмаспыз. Алайда олардың арасынан Қыдырәлі Болмановтың «Бал-бала» ойыншықтарынан өзгесінің атын ести бермейміз. Мәселен, 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында тұңғыш рет бүлдіршіндерге арналған ойыншық шығаратын цех іске қосылғанын да айта кету керек. Бүгінде «Пластик Наурыз» кәсіпорнында түрлі өлшемдегі америкалық «МАК» ауыр жүк көліктерінің модельдік ойыншықтары, баланың өзі де отырып айдай алатын «Талакар» ойыншық көлігі, құрастырмалы ойыншықтар және құм жинайтын қалыптар шығарылады.

«Айгөлек», «Тазша бала», «Алдар көсе» сияқты отандық өнімдердің өзі кем дегенде 7-8 мың теңге тұрады. Бұл қарапайым отбасы үшін аз ақша емес.

Десек те, кез келген бала сәби күнінен ұлттық құндылықтарды көзбен көріп, қолмен ұстап өсуге тиіс. Бұл орайда, ұлттық идеологиямызды насихаттап, балғындарымыздың бойына ұлттық болмысты сіңіру қажет. Алайда қазақтың ертегілері мен батырлар жырының кейіпкерлерін бейнелейтін отандық ойыншықтар шығару өндірісін қолға алуға  асығар емеспіз. Дүкендерде еліміздің ертеңі болар бөбектеріміздің таңдауын көргенде, көңілің қалады. Барлығы бірдей шетелдік мультфильмдердің кейіпкерлеріне құмар. Ал шетелдік ойыншықтар балаларды мәдениетке, өнегелі дүниеге үйретері күмәнді. Сондықтан, қазақы ойыншықтың қаншалықты қажет екенін айтпай-ақ түсінуге болар.

Қазақ бүлдіршіндері аңызға айналған қазақ ертегілеріндегі қазақы мінезді кейіпкерлерді танымайтын да тәрізді. Себебі олардың санасын шетелдік мультфильм кейіпкерлері жаулап алған. Оның үстіне, қазақ мультфильмдері мен ойыншықтар арасында өзара сабақтастық жоқ. Осының салдарынан ұлттық тәрбиенің иісін де сезбеген бүлдіршіндер өсіп келеді. Содан кейін Батыстың ойыншығымен ойнап, мультфильмімен өскен баладан қазақылықты талап етуге құқымыз бар ма екен?! Ұлттық ойыншықтар арқылы жас буын алдындағы тіл мен діл мәселесін де жеңілдетуге, жеделдетуге әбден болады. Балалар ұлттық ойыншықтармен ойнай отырып ойлайды, ойыншық бөлшектерінің атауын білу арқылы қазақы танымы толыса түседі. Қазіргі жастарымыз көз ашқаннан өзгенің ойыншығымен  ойнап, өзге атауларды жаттап өскендіктен, кейін өз тіліне шорқақ болмағанда қайтсін?

Ұлттық ойыншықтарға бизнес ретінде емес, ұлттық идеология ретінде қарау қажет. Ұлттық болмысқа тұнып тұрған қазақы ойыншықтарды дамыту, жетілдіру арқылы бүлдіршіндердің бойына қазақылық болмыстың дәнін егер едік. Алайда бізде балаларымыздың көз қуанышына айналған өнімдерді өндіру үшін мемлекеттің қолдауы аз болып тұр. Кеңес үкіметі кезінде Алматыда пластмасса өңдейтін «Қызыл Ту» зауыты жұмыс істеген. Сол зауыт жанынан бүлдіршіндерге арналған ойыншықтар шығарылатын. Бірақ нарықтың тар соқпағынан өте алмаған бұл өндіріс орны 90-жылдары құрдымға кетті. Бірақ кейінірек  оның орнын «Сұңқар» атты қазақстандық ойыншық зауыты алмастырды. Бұл да өз кезінде елдегі жалғыз ойыншық шығаратын кәсіпорын болған еді. Бірақ өзімізде өндірілді деген аты болмаса, ойыншыққа керекті заттардың бәрін көрші мемлекеттерден тасу зауытқа еш табыс әкелмегендіктен, өз жұмысын тоқтатты. Содан бері отандық ойыншықтарды өндіру ісі елімізде күрмеуі шешілмеген мәселе болып келеді.

Бүгінде баланың заманға сай болуына назар аударатындар көп. Алайда ұлтының ұлы мұрасын білмей өскен ұрпақтың дүбәра болмасына кім кепіл?! Осы сылбыр жүрісімізбен болашақ ұрпақты айықпас дертке ұшыратып алмасақ жарар еді…