03 ақп, 2017 сағат 21:00

Қазақ ақындарының антологиясы испан тілінде жарық көрді

10 ақпан 2017 жылы сағат 19.00-да Испанияның Мадрид қаласында әдебиет тарихында тұңғыш рет қазақ ақындарының испан тілінде шыққан поэзия антологиясының тұсаукесер рәсімі өтеді.

Бұл мәдени шара ҚР мен Испания арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 25-жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Тұсаукесер рәсіміне Испан Пен клубының бас хатшысы, Неополитан және Малларме Париж академиясының корреспондент-мүшесі, Еуропа ақындары фестивалінің негізгі құрылтайшысы, аталмыш антологияның әдеби аудармасын жасаған Хусто Хорке Падронның өзі қатысады. Хусто Хорке Падрон Испан тілі Король академиясының «Фастенрат» сыйлығын Федерико Гарсиа Лоркадан кейін алған тарихтағы екінші ақын.

Сонымен қатар, кешке Қазақстанның Испаниядағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев, Испаниядағы лауазымды қонақтар және осы антологияны құрастырған ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы мен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының продюсері Танакөз Толқынқызы да қатысады.

Қазақ ақындарының испан тілінде шығатын антологиясына Абай Құнанбаев, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Күләш Ахметова, Аққұштап Бақтыгерева, Жанат Әскербекпен қатар Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Әнуар Бимағамбет сияқты жас ақындар да енген.

Испанияның Мадрид қаласында Каса де Лектор жазушылар сарайында өтетін тұсаукесер рәсімінде антологияға енген Оңайгүл Тұржанова, Алмас Ахметбекұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Танакөз Толқынқызы, Дәурен Берікқажыұлы, Сағыныш Намазшамева, Жанар Әбсадық, Анар Шамшадинова, Бақытгүл Бабаш, Жанар Айлашева өлеңдерін қазақ және испан тілдерінде оқитын болады.

Ұлт порталы